Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Каспий теңізінде жоғалған 18 жастағы жасөспірімнің денесі табылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жабдықталмаған жағалауында суға түсу кезінде жоғалып кеткен 18 жастағы ақтаулықтың денесі табылды.

а
Фото: видеодан алынған скрин

Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстары бүгін аяқталған.

– Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жағалау сызығынан 10 метр қашықтықта судан жасөспірімнің мәйітін тауып, жағаға шығарды. Кейін мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды, - делінген хабарламада.

Еске салайық, 18 жастағы ақтаулық 7 шілде күні шамамен сағат 15:00-де Каспий теңізіне шомылу кезінде батып кеткен. Қайғылы жағдай оның туған күнінде болған.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері Маңғыстау облысының су айдындарында 13 адам қаза тапқан. Оның 10 дерегі ресми есепке алынған, ал 3 оқиға жазатайым жағдай ретінде тіркелмеген.

Бұған дейін, Маңғыстауда Каспий жағалауында бір күнде екі адам суға батып, ажал құшты.