Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындайтын Конвенциямен жұмыс аяқталуға жақын - Е. Ыдырысов
Айта кетерлігі, министрлер кеңесінің отырысында негізгі талқыланған мәселе Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қоюға әзірлік.
«Бұл Каспий теңізінің, ондағы атқарылатын қызметтердің барлық қырларына заңнамалық негіздемені көрсететін аса кешенді заңнамалық құжат болып табылады. Сондықтан да, оған қатысты келіссөздер ұзаққа созылып жатыр. Дегенмен, біз осы Конвенция жобасымен жұмысты аяқтаудың аз алдында тұрмыз», - деді министрлер кездесуінің қорытындысын жариялаған Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысов.
Бұл ретте СІМ басшысы 2014 жылы Астрахан қаласында өткен Каспий саммитінің қорытындысы бойынша тарап мемлекеттер басшылары Конвенция жобасының түпкілікті мәтініне қол қоюға көшу туралы шешім қабылдаған болатын.
«Сондықтан да, алдағы уақытта өтетін Астана саммитінің негізгі қорытындысы осы Конвенцияға мемлекет басшыларының қол қоюы болып табылады. Осы күндер аралығында біз конвенция аясында көптеген маңызды мәселелерді еңсеріп, ортақ келісімге қол жеткізе алдық. Алайда, құжат аса күрделі әрі онда Каспий маңындағы мемлекеттердің мүдделері қамтылатын көптеген аспектілерді қозғайтын болғандықтан бізге әлі де сарапшылық жұмыстарға уақыт талап етілетін болады», - деді министр.
Е. Ыдырысовтың айтуынша, кездесу барысында Каспий конвенциясының жобасына қатысты арнайы жұмыс тобының сарапшылар кездесуі қыркүйек айында Тегеранда, қазан айында Ашхабадта өтетіні туралы келісімге қол жетті. Осы екі арнайы жұмыс топтарынан соң сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі кездесу мерзімі нақтыланады. «Негізгі төрт күрделі мәселе қалды. Олар бойынша қосымша кешенді бағалаулар мен талқылаулар және қорытындылар шығару қажет. Сондықтан да, мен сыртқы істер министрліктері деңгейіндегі астанадағы кездесу табысты әрі нәтижелі өтті деп санаймын», - деді Е. Ыдырысов.
Еске салайық, Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Түрікменстан Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қатысқан жиынға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов төрағалық етті.