Кәсіпкерлерден 88 млн теңгеден астам қаржы жымқырған сотталушы қамаудан босатылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті осыдан біраз уақыт бұрын «Даму бала» платформасы арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлерден 88 миллион теңгеден астам қаражатты жымқыру дерегін анықтап, қылмыстың жолын кескен болатын.

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры қамауға алынды
Фото: gov.kz

Аталған қылмыстық іс бойынша бұрын шығарылған сот үкіміне сотталушы мен оның қорғаушысы апелляциялық шағым түсірді. 

- Шағымда айыптаулардың негізсіз екендігі айтылып, іс куәгердің жауабы негізінде ғана қаралғаны көрсетілді. Сондай-ақ сот сотталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабын қолдану және жазаны 14 жасқа толмаған балалары кәмелетке толғанға дейін кейінге қалдыру туралы өтініш берілген болатын. Сот басты сотталушының өтінішін қанағаттандырып, оны қамаудан босату туралы шешім қабылдады, - делінген департамент хабарламасында. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қызылорда қаласында мониторингтік топ мүшесі кәсіпкерлерден 88 миллион теңге алып, тексеріс нәтижесін оң шешіп беруге уәде еткені үшін айыпталған еді. Тергеу барысында оның «Даму бала» платформасы арқылы балалар спорты мен шығармашылығын дамытуға бағытталған қаржыны жеке пайдасына жаратқаны анықталды.

Бұған дейінгі сот шешімімен басты сотталушы кінәлі деп танылып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалған. Ал оның сыбайласына 5 жыл мерзімге шартты жаза белгіленген болатын. 

Сотталушылар қылмыстық құқықбұзушылық жолмен алынған ақша қаражатына мүліктер сатып алып, мәмілелер жасасу арқылы заңды айналымға тартқан. Апелляциялық сот үкімімен сотталушы Л.Бактибаеваның қылмыстық құқық бұзушылық жолмен алынған құны 17 млн теңгеден астам «KIA Sportage» маркалы автокөлігі және құны 46 млн теңгеден асатын үйі, тінту барысында алынған 20 млн теңгеге жуық қаражат мемлекет пайдасына тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар