Кастет, бұрышты баллон және «электрошокерлер» суық қаруға жата ма
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында бірқатар құралға заңнамада қандай баға берілгенін түсіндірді.
Министрліктің мәліметінше, кастет суық қаруға жатады және ел аумағында оның айналымына тыйым салынған. Тіпті, ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Демек, кастет ұстағандар «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша жауапқа тартылады.
– Жыл басынан бері кастетті пайдаланып соққы жасауға байланысты құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ, – деп хабарлады ІІМ.
Ал бұрышты баллон (көзге тітіркендіргіш газ шашатын баллон) – суық қару емес, өзін-өзі қорғау құралы. Бірақ оны заңсыз қолданғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 485-бабы («Қаруды құқыққа сыйымсыз қолдану») бойынша әкімшілік жаза қарастырылған. ІІМ мәлімдеуінше, биыл мұндай фактілер тіркелген жоқ.
– Бұдан бөлек, «электрошокерлер» өзін-өзі қорғау құралына жатады, оларды заңсыз қолданғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 485-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Биыл электрошокерді қолдануға байланысты 1 факт тіркелді, – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 3,5 мыңға жуық пышақ пен кастет тәркіленгенін жазғанбыз.