Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орда - қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі

СОЧИ. ҚазАқпарат - Алтын Орда - қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі. Бұл жөнінде Сочиде өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орда - қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі

«Қазақстанға келсек, өздеріңіз де білесіздер, ол шын мәнінде және географиялық тұрғыда да еуразиялық ел саналады. Әрине, ел аумағының басым бөлігі Азияда орналасқан. Дегенмен, Қазақстан территориясының 4 пайызы еуропалық континентте жатқанын ұмытпау керек. Ол дегеніміз – 120 мың шаршы километр жер», - деп атап өтті Президент.

«Біз ислам, конфуцийшілдік және шығыс христиан өркениеттерінің тоғысқан тұсында орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда, еуразиялық өмір салты қазақтардың мәдени кодының маңызды бөлшегі саналады», - деді Қ.Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиде өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысына қатысты. «Әлемдік құрылым: Шығыстан көзқарас» тақырыбымен өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының биылғы отырысына Қазақстан Президентімен бірге Иордания королі Абдалла II, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және Филиппин Президенті Родриго Дутерте қатысып жатыр.