Қасым-Жомарт Тоқаев Рио Олимпиадасының күміс жүлдесіне ие болған Елдос Сметовті құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Твиттердегі парақшасында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Елдос Сметовті құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рио Олимпиадасының күміс жүлдесіне ие болған Елдос Сметовті құттықтады

«Әлем чемпионы Елдос Сметовті Олимпиада күміс медалін жеңіп алуымен құттықтаймын. Жақсы нәтиже!» - деп жазылған Қ. Тоқаевтың парақшасында.

null  

Айта кетейік, қазақстандық дзюдошы, 60 келі салмақ санатындағы Елдос Сметов Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Ол финалда ресейлік балуан Беслан Мудрановпен белдесіп, негізгі уақытта тең дәрежеде өнер көрсетті. Өкінішке қарай қосымша уақыттың соңғы секундтарында ресейлік спортшы айласын асырып кетті. 

Осылайша Елдос Сметов Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Елдостың бұл жүлдесі олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына түскен екінші медаль. Алғашқы жүлдені дзюдодан әйелдер арасында сынға түскен 48 келі салмақтағы аруымыз Галбадрах Отгонцэцэг еншілеген болатын.

Елдос Сметов - Жастар арасында әлем чемпионы (2010), Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), Әлем кубогының иегері (2011), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013), Еуропа кубогының жеңімпазы (2013), Жазғы Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Әлем чемпионы (2015), Азия чемпионы (2016), Гран-при турнирінің екі дүркін чемпионы (2013, 2014), көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері, ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.