Қатарға шабуыл жасалған жағдайда оның қауіпсіздігін АҚШ қамтамасыз етеді
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ Қатарға жасалған кез келген қарулы шабуылды өз қауіпсіздігіне қатер төнді деп санайды. Бұл туралы Ақ үйдің сайтында жарияланған АҚШ президенті жарлығының мәтінінде айтылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұйрық бойынша, АҚШ Қатар мемлекетінің аумағына, егемендігі мен маңызды инфрақұрылымына жасалған кез келген қарулы шабуылды Америка Құрама Штаттарының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне төнген қатер деп санайды.
-Мұндай шабуыл жасалған жағдайда Құрама Штаттар АҚШ пен Қатар мемлекетінің мүддесін қорғау және тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалпына келтіру үшін дипломатиялық, экономикалық және қажет болған жағдайда әскери шараларды қоса алғанда, барлық заңды және қажетті шараларды қабылдайды, - делінген құжатта.
Онда Қорғаныс министрі Мемлекеттік хатшымен және Ұлттық барлау директорымен бірлесіп, Дохаға қарсы кез келген шетелдік агрессияға жылдам және келісілген жауап беруді қамтамасыз ету үшін Қатар мемлекетімен бірге төтенше жағдайларды жоспарлауды жүргізуі керек екенін атап өтеді.
Қатар өз тарапынан бұйрықты құптап, оның Доха мен Вашингтон арасындағы берік және ұзақ мерзімді байланыстарды көрсететінін атап өтті. Қатар Сыртқы істер министрлігі бұл шешімнің екі елдің қорғаныс саласындағы тығыз ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды қадамы екенін атап өтті.
-Қатар Мемлекетінің Сыртқы істер министрлігі Қатар сенімді делдал ретінде ортақ проблемаларды шешу, дипломатиялық қақтығыстарды реттеуді ілгерілету және аймақтағы тұрақты бейбітшілікті қолдау үшін АҚШ және халықаралық серіктестермен жұмыс істеуге дайын екенін растайды, - делінген Қатар Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қыркүйекте Қатар астанасы Дохада бірнеше жарылыс болды. Шабуылдар үшін жауапкершілікті Израиль билігі өз мойнына алды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Дохаға жасалған соққыны айыптады.