Қатерлі ісік жасушаларында алғаш рет деменцияға ұқсас үдерістер анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Шотландиядағы Cancer Research UK Scotland орталығының ғалымдары адамда қатерлі ісік пайда болғанға дейін деменцияға ұқсас бұзылуларды анықтады. Бұл туралы oxu.az хабарлады. 

Қатерлі ісік жасушаларында алғаш рет деменцияға ұқсас үдерістер анықталды
Фото: oxu.az

Аталған жаңалық ең қиын онкологиялық аурулардың бірі – ұйқы безінің қатерлі ісігінің алдын алу және емдеу әдістерін жасауға көмектесуі мүмкін. Зерттеу нәтижелері Developmental Cell журналында жарияланды.

Мамандар ұзақ уақыт бойы тышқандардағы ұйқы безінің жасушаларын бақылап, сау жасушаларды қатерлі ісік клеткаларына айналдыратын механизмдерді зерттеді.

Зерттеу барысында қатерлі ісік пайда болғанға дейінгі кезеңде аутофагия, яғни жасушалардың «қалдықтарды қайта өңдеу» процесі бұзылатыны анықталды. Нәтижесінде артық және пайдасыз ақуыздар жасушада жиналып, деменция немесе басқа нейродегенеративті аурулардан зардап шеккен ми жасушаларында кездесетін жиынтықтар түзеді.

Ұқсас ақуыз агрегаттары адамның ұйқы безі тінінде де табылған. Бұл құбылыс онкологиялық аурулардың дамуымен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Эдинбургтегі Генетика және қатерлі ісік институтының профессоры Саймон Уилкинсон KRAS геніндегі мутациялар мен аутофагияның бұзылуы қатерлі ісік ауруының басталуында шешуші рөл атқаруы мүмкін екенін айтты. Бұл механизмді түсіну ауруды болжауға және оны болашақта ерте кезеңде тоқтатуға көмектеседі.

Ұйқы безінің қатерлі ісігі ең қауіпті ісіктердің бірі саналады және көбінесе өте кеш кезеңде диагноз қойылады, бұл емдеу мүмкіндіктерін шектейді. Ғалымдар қазір жас, жыныс және тамақтану әдеттері жасушаларға қалай әсер ететінін зерттеп, қатерлі ісік ауруын ерте анықтау жолдарын іздестіріп жатыр.

Еске сала кетейік, ғалымдар қатерлі ісікті емдеу әдісін бейімдеу үшін ғарышта зерттеу жүргізеді.

Соңғы жаңалықтар