Қатты желден кейін Қызылорданың біраз бөлігі жарықсыз қалды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Ауа райының қолайсыздығы мен қатты жел салдарынан Қызылорда қаласының бірқатар аумағында электр желілеріне зақым келіп, жарық өшті.
- Қатты желден талдар сынып, қала аумағының жекелеген бөліктерінде (Саяхат, Сәулет, ескі Ипподром, СПМК-70, Сырдария, Арай мөлтек аудандары) электр энергиясының берілуі уақытша тоқтады. Бас тоған, Арай, Сабалақ және КНС нысандарында электр энергиясының өшуіне байланысты сорғы қондырғыларының жұмысы да уақытша үзілді. Қазіргі таңда дауыл салдарынан болған ақауды жою және қалпына келтіру мақсатында арнайы бригадалар қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - делінген қала әкімдігінің мәлімдемесінде.
Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы бұл жұмысқа 10 жедел бригада, 10 арнайы техника, 5 ауыр техника және 55 қызметкер тартылғанын мәлімдеді.
- Мамандар электр желілеріне құлаған шатырларды, талдар мен көше жарықтандыру тіректерін алып тастап, зақымданған электр желілері мен бағаналарын қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Электр энергиясы барлық ақаулар толық жойылып, желілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен кейін кезең-кезеңімен қайта қосылады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызға алғыс білдіреміз, - делінген хабарламада.
Жағдай жергілікті биліктің тікелей бақылауында.
Ал бұған дейін Алматыда бірнеше тұрғын үйдің тұрғындары наразылық білдіріп, көшеге шықты.