Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Бірінші халықаралық қауіпсіздік форумына қатысты

АСТАНА. KAZINFORM — 27-28 мамырда Ресей Федерациясының Мәскеу облысында Бірінші халықаралық қауіпсіздік форумы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Бірінші халықаралық қауіпсіздік форумына қатысты
Фото: Ақорда

Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Ресей Қауіпсіздік Кеңесі ұйымдастырған іс-шараға әр елдің қауіпсіздік кеңестерінен, құқық қорғау және арнайы органдарынан, сыртқы саяси ведомстволарынан, сондай-ақ халықаралық ұйымдардан тұратын 100-ден астам делегация жиналды.

Пленарлық отырыс «Көпполярлы әлемдік тәртіптің қалыптасуы жағдайындағы халықаралық қауіпсіздікке сын-қатерлер мен қатерлер» тақырыбына арналды. Талқылау аясында қатысушылар халықаралық жағдайдың негізгі даму үрдістеріне, жаһандық сын-қатерлерге және оларға қарсы тұру шараларына қатысты пікір алмасты.

Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы сөз сөйлеп, еліміздің халықаралық тұрақтылық тетіктерін нығайтуға қатысты ұстанымдарын белгілеп берді.

Көлік, энергетика және логистика инфрақұрылымының тұрақтылығы стратегиялық өлшемге ие болатыны атап өтілді. Олардың үздіксіз жұмыс істеуін және еркін қол жеткізуді кепілдендіру көпполярлы әлемдегі жаңа қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементі болуы керек.

— Қазақстан мемлекеттердің киберкеңістіктегі жауапты мінез-құлқының әмбебап нормаларын қалыптастыруды, цифрлық қауіпсіздік саласындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуды жақтайтынын атап өтті, — делінген хабарламада.

Форум аясында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының бейресми кездесуі өтті.

Сондай-ақ іс-шара аясында Ғ.Нұрдәулетов бірқатар шетелдік әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, екіжақты өзара ықпалдастық мәселелерін қарастырды.

Бұған дейін Нұрдәулетов Орталық Азия мен Ресей қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуіне қатысқанын жазғанбыз.