Қауіпсіздік талаптары бұзылып, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар 4,5 есе ұлғайған

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігі 16 мыңға жуық объектінің өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздігін тексеріп, 100 мыңнан астам бұзушылықты анықтады. Бұл туралы сала министрі Шыңғыс Әрінов мәлім етті.

Қауіпсіздік талаптары бұзылып, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар 4,5 есеге ұлғайған
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Министрлік елдегі өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті тексерістер жүргізеді. Жыл басынан бері 16 мыңға жуық объект тексеріліп, 100 мыңнан астам бұзушылық анықталған.

− Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын өрескел бұзушылықтарға байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылды. Атап айтқанда, өртке қарсы автоматика жүйесінің болмауы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі, жұмысшыларды қызметке оқытып-үйретпестен, нұсқаулық жүргізбей жіберу, эвакуациялық шығу жолдарына кедергі келтіріп бітеп тастау сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан объектілердің 95%-ы тоқтатылды, − деді Ш.Әрінов Үкімет отырысында.

Жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам өрт-тактикалық оқу-жаттығулары мен сабақтары өткізілген. Әйтсе де, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан объектілерді тоқтату саны 4,5 есеге ұлғайған.

− Қауіпті өндірістік объектілерде анықталған бұзушылықтар көбінесе адам өліміне немесе жұмысшылардың жарақат алуына әкеп соғатын жазатайым оқиғалармен қатар жүреді. Биылғы қаңтар-мамыр аралығында мұнай-химия және тау-кен саласында 11жазатайым оқиға, қазандық және газ шаруашылығы, өсімдік шикізатын өңдеу объектілерінде 60-тан астам оқиға тіркелді. 22 жұмысшы жарақат алып, 15 адам қайтыс болды, − деді ТЖ министрі.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде өткен жылы еңбек жағдайындағы оқыс оқиғалардан 202 адам қаза болғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар