Қауіпті өндірістер қатаң бақылауда: 10 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа механизмі енгізілді, онда барлық кәсіпорындар толықтай қамтылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкіметте баяндады.

БҚО-ның өнеркәсіптік әлеуеті: консервілерден мұнай-газ жабдықтарына дейін
Фото: Үкімет

Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы 5 айда кәсіпорындарға жүргізілген тексерулер саны 2,5 есеге артқан.

– Нәтижесінде 10 мыңнан астам өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзушылығы анықталды. Әртүрлі санаттағы 523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 6 млн теңгеден 62 млн теңгеге дейін ұлғайды, – деді Ш.Әрінов.

Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар анықталған 600-ден астам нысан мен техникалық құрылғылардың жұмысы тоқтатылды.

– Алайда жекелеген кәсіпорындар енгізілген шектеулерді елемей, төтенше жағдайлардың туындау қаупін арттырып, өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сол себепті осындай жауапсыз нысан иелеріне қатысты қосымша шаралар қабылданады, – деді ТЖ министрі.

Айта кетейік, бүгін Үкімет жұмыс орнындағы қауіпсіздік мәселесін қарастырып жатыр.

Бұған дейін сала министрі жұмысшылар қаза тапқан «Востокцветмет» пен «Қазцинктегі» апат бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан еді.