Қай өңір ЖӨӨ өсімі бойынша көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы өндірілген Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі (нақтыланған деректер бойынша) 159608552,9 млн теңгеболды. ЖІӨ өткен жылмен салыстырғанда нақты мәнде 6,5%-ға өсті.
Нақты мәнде көлік және жинақтау (19,4%), құрылыс (17,5%), сауда (8,1%), өнеркәсіп (7,7%), ақпарат және байланыс (6,4%) салалары ең көп өсімді көрсетті.
— Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) жоғары өсім қарқыны Түркістан облысында (13%), Солтүстік Қазақстан облысында (11,6%) және Астана қаласында (10,2%) байқалды. 2025 жылы ЖІӨ құрылымындағы ең жоғарғы үлесті Алматы қаласы (22,7%), Астана қаласы (12,3%) және Атырау облысы (10,4%) алды.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ 7827,2 мың теңгені немесе 15006,4 АҚШ доллар болды. Өңірлер бөлінісінде Атырау облысы (23332 мың теңге), Алматы қаласы (15601,1 мың теңге), Ұлытау облысы (13831,8 мың теңге) және Астана қаласы (12370 мың теңге) көш бастап тұр, — делінген Ұлттық статистика хабарламасында.
Жыл қорытындысы бойынша 2025 жылы бақыланбайтын экономиканың ЖІӨ-гі үлесі 15,69% болды және өткен жылмен салыстырғанда 1,02 пайыздық тармаққа қысқарды. ЖӨӨ-дегі бақыланбайтын экономика үлесінің барынша қысқаруы Ұлытау (5,78 п. т.), Абай (4,43 п. т.) және Атырау облысында (3,92 п. т.) байқалды.
Айта кетелік Қазақстанның ЖІӨ көлемі 2026 жылғы алғашқы үш айда 34,1 трлн теңге болды.