Қайырымдылық, концерттер мен жобалар: Димаш алдағы жоспарымен таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM – Димаш Құдайберген келесі айда мансабындағы ең ірі концертін өткізбек. Бұл туралы өнер жұлдызы Астанада өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Димаш жақында концертіне дайындалу үшін Нью-Йоркке аттанбақ.
– 5 қазан күні Madison Square Garden-де алғашқы жеке концертімді беремін. Концерттерге қатысты көп жоспарым бар, – деп жауап берді ол Kazinform тілшісінің сұрағына.
Қайырымдылық жобалары туралы көп айтпаса да, Димаш мұндай жоспарлардың бар екенін растады.

– Қайырымдылыққа қатысты көптеген жоспарларым бар, бірақ оны айта бергім келмейді. Егер осы ойымызды үлгі ретінде жүзеге асыра алсақ, сол кезде міндетті түрде бөлісемін. Қазір сол жоспарларға толық сенімді болуым керек, сосын ғана тыңдарманға айтамын. Қайырымдылық – бұл концерттерден бөлек нәрсе. Бұл – Құдаймен өзіңнің ішкі әңгімең. Егер мен қайырымдылық істесем, оны жүрегіммен, жаныммен жасаймын, — деді өнерпаз.
Димаш Құдайберген Селин Дион мен Стиви Уандер сынды әлемге әйгілі музыканттармен жұмыс істегісі келетінін айтты.

– Мен көптеген әртістермен істес болдым. Мысалы, ол тізімде Андреа Бочелли, Лара Фабиан, Ассиф Домингос, Хосе Канелес, Джеки Чан және Қытайдың көптеген жұлдыздары бар. Әрине, Селин Дион мен Стиви Уандермен де жұмыс істеуді армандаймын. Егер олар бұл ойыммен келіссе, мен үшін үлкен құрмет болар еді. Өзім туралы көп ойламаймын. Бірақ мұндай аңыз тұлғалармен бір сахнада өнер көрсету мен үшін асқан мәртебе, – деді ол.
Алайда қазіргі уақытта Димаш өзінің бар назарын «Voice Beyond the Horizon» жобасына салып жатқан көрінеді және оның қатысушыларын барынша қолдауға тырысып жатқанын жеткізді.

– Мен жас ұрпаққа бар мүмкіндікті жасауға тырысып жүрмін. Оның ішінде Қазақстаннан біздің тележобамызға қатысып, тамаша нәтиже көрсеткен Олжас та бар. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамын. Осы жобадан кейін өзін-өзі басқаратын тағы бір халықаралық ұйым пайда болады деп үміттенемін, – деп түсіндірді өнер иесі.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген мен Қытайдың Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесе жүзеге асырып жатқан халықаралық телевизиялық жоба Қазақстанның туристік әлеуетін әлемдік аудиторияға таныстырып жатыр.