Қайрат Әбдірахманов Астана процесінің кезекті кездесуін қорытындылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия ахуалын реттеу бойынша Астана процесі аясындағы кезекті келіссөздердің қорытындысын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Астана процесі аясындағы келіссөздердің үшінші кезеңі өткен наурыз айынан бері Сирияда бірнеше қайғылы оқиға орын алды және Сириядағы  ахуалға қысым айтарлықтай күшейе түсті. Дегенмен, Астана процесінің рөлі де айтарлықтай артып отыр. Сириядағы ахуалдың мұнан ары шиеленісуі еш тараптың мүддесіне сай келмейді. Әсіресе дәл қазіргі уақытта Астанада қол жеткізілген соғысты тоқтату режімі мен аталған келісіммен байланысты шаралар айрықша маңызды деп санаймыз», - деп атап өтті министр.

ҚР СІМ басшысы өз сөзінде Сирия бойынша Астана процесінің төртінші кезеңіне кепілгер елдер тарабынан және мүдделі барлық тараптардың өкілдерінен жоғары деңгейдегі жауапты тұлғалар қатысқанын атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Астана процесі аясында жоғары деңгейдегі келіссөздердің келесі кезеңін өткізу құрметіне ие болды. Өздеріңіз де білетіндей, Астана процесінің бір ғана мақсаты соғыс қимылдарын тоқтату режімін нығайтып, қолдау көрсету арқылы  Сириядағы қантөгісті тоқтату болып саналады. Бірақ, Астанада қол жеткізілген келісімнің, егер оны құрметті тараптарының  батылдығы мен Сирияда мығым бейбітшілікке қол жеткізудегі ерік-жігері болмаса тиімсіз екендігін мойындауымыз қажет. Біз барлық уақытта да Сириядағы әскери сценарийге жол бермеу керектігіне, ахуалды  тек бейбіт жолмен шешу қажеттігіне сендік», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Ол Астана процесінің Женева процесінің ажырамас бөлігі саналатындығын баса айтты. Қазақстандық тараптың ұстанымына сәйкес, Женева БҰҰ аясында Сирия бойынша келіссөздерді өткізудің негізгі орны саналады. Онда күн тәртібінің саяси бөлігі талқыланады.

«Дегенмен біз Женева процесінің табысты болуы Қазақстан елордасындағы келіссөздердің нәтижесімен тығыз байланысып жатқандығын түсінуіміз керек. Бұл тұрғыда, жанжалдасушы тараптардың соғысты тоқтату туралы режімді сақтауы және кепілгер елдердің оны қамтамасыз етуі маңызды деп санаймыз. Астанада  қол жеткізілген барлық келісімдер тек қағаз жүзінде қалмауы тиіс. Егер біз әлемдік қоғамдастық пен Сирия азаматтарының сенімін сақтағымыз келсе нақты нәтижелер әкелу қажет. Барлық қиындықтарға қарамастан Астана өзінің тұғырнама ретіндегі өзінің тиімділігі мен өзектілігін дәлелдеді. Онда барлық мүдделі тараптар өз көзқарастарын кең аудиторияға білдіре алады. Бәрінен де ең маңыздысы нақты қадамдар туралы келісімге келуде», - деді Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада өтіп жатқан екікүндік келіссөздерден кейін кепілгер елдер Ресей, Иран және Түркия Сирияда қауіпсіз аймақ құру туралы меморандумға қол қойғанын  хабарлаған болатынбыз. Астана процесі қатысушыларының келесі кездесуі шілдеде өтеді

 
Соңғы жаңалықтар