«Қайрат» клубының триумфы: Қазақстан УЕФА рейтингінде жоғарылады

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» футбол клубының Чемпиондар лигасындағы тарихи жетістігінен кейін Қазақстан УЕФА рейтингінде бірден бес сатыға көтерілді, деп хабарлайды Sports.kz.

«Қайрат» футбол клубы
Фото: «Қайрат» футбол клубы

«Қайраттың» сәтті өнер көрсетуінің арқасында Қазақстан 39-орыннан 34-орынға көтеріліп, Армения, Латвия, Финляндия, Косово және Босния және Герцеговинаны артта қалдырды.

Айта кетейік, «Қайрат» жаңа маусымдағы Чемпиондар лигасындағы жорығын Словенияның «Олимпия» клубын қос матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңуден бастады. Кейін финдік КуПС клубын 3:2 есебімен ұтса, словакиялық «Слованмен» 1:1 нәтижесін тіркеп, пенальти сериясында 4:3 есебімен басым түсті. Ал плей-офф кезеңінде шотландиялық әйгілі «Селтикті» сенсациялық түрде жарыстан шығарып тастады (0:0, пенальти — 3:2).

«Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алматылық команданың жеңісіне байланысты пікір білдірді.

Тарихи жеңістен кейін Көктөбе мұнарасы «Қайраттың» түсіне боялғаны белгілі болды.

Осыған дейін Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққан «Қайрат» қанша табыс тапқанын жазғанбыз.

Енді алматылық «Қайрат» 2025/26 маусымындағы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Реал Мадридке» қарсы ойнайды.

Өз кезегінде Алматы полициясы «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы матч кезінде қоғамдық тәртіп бұзылмағанын айтты.