«Қайрат» - «Копенгаген» матчы: алматылық полицейлер Дания астанасында не істеп жүр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — 2025 жылғы 26 қарашада Дания астанасы Копенгагенде алматылық «Қайрат» футбол клубы жергілікті «Копенгаген» командасымен Чемпиондар лигасы аясында кездесу өткізеді. Данияға отандық футболшылар ғана емес, алматылық полицейлер де аттанған.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, сапардың негізгі мақсаты — халықаралық матчтар кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін жан-жақты зерделеу.
Полицейлер стадионның инфрақұрылымымен, кіру-шығу жүйесімен, жанкүйерлердің қозғалыс бағыттарымен, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларымен және қауіпсіздік қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібімен танысады.
— Үш күн бойы полицейлер екі тілде бейнекүнделік жүргізіп, Алматыда өтетін футбол матчтарын ұйымдастыруға қолдануға болатын тәжірибені бөліседі, — делінген хабарламада.
Бейнекүнделік материалдары Алматы полиция департаментінің ресми аккаунттарында жарияланып отырады.
Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасы аясында «Олимпиакос» және «Брюггемен» Астанада ойнайтынын жазғанбыз.