Қайрат Нұрдәулетов «Ертіс» клубы бас бапкері қызметінен кетті

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстандық Қайрат Нұрдәулетов Бірінші лигада ойнайтын Павлодарлық «Ертіс» клубы бас бапкері қызметінен кетті.

Қайрат Нұрдәулетов «Ертіс» клубы бас бапкері қызметінен кетті
Фото: «Ертіс» футбол клубы

Ол аталған клуб тізгінін биылғы жылдың қаңтар айының басында ұстаған еді.

Қайрат Нұрдәулетов 2002-2004 жылдары футболшы мансабында «Ертіс» намысын қорғап, клубтың чемпион болуына үлкен септігін тигізген болатын.

Биылғы маусымда ол Талдықорғанның «Жетісу» командасының бас бапкері болды. Оның жетекшілігімен команда 11-орынға тұрақтады.

Қайрат Нұрдәулетов 1982 жылы дүниеге келген. Кәсіби ойыншы ретінде «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Астана» және «Қайсар» командаларында ойын көрсетті.

Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына енді. Кейін Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.

2023 жылы Түркістан облысының «Мақтарал» клубында бас бапкер міндетін атқарып, аталған ұжымның Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға үлесін қосты.

Павлодарлық клуб Бірінші лигада бес турдан кейін 13 ұпаймен көш басында келеді. Еншісінде төрт жеңіс, бір тең ойын бар.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы тұңғыш әйел төреші мансабын аяқтады.

Соңғы жаңалықтар