«Қайрат» - «Селтик»: алыпсатарлар билетті 5 мыңнан 100 мың теңгеге дейін сатып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 26 тамыз күні Алматының Орталық стадионында «Қайрат» пен «Селтик» командалары арасында ойын өтеді.

«Қайрат» - «Селтик» ойынының билет бағасы
Фото: сайттан алынған скрин

Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы кездесуінде «Қайрат» сырт алаңда шотландиялық «Селтик» командасымен тең түсті.

Енді алматылық команда өз алаңында Чемпиондар лигасы топтық кезеңіне жолдама үшін бақ сынайды.

Орталық стадионда өтетін матч билеттері 19 тамыз күні сатылымға шығып, бірнеше сағаттың ішінде өтіп кетті.

«Қайрат» футбол клубының мәліметінше, билетке 100 мыңға жуық өтінім түскен. Дегенмен, әлеуметтік желілерде адамдар билеттердің біраз бөлігін алыпсатарлардың алып қойғанын және оны қымбат бағаға қайта сатып жатқанын айтып шағымданды.

Осы орайда, матчқа дейін бір күн бұрын билеттердің адам қолынан қаншаға сатылып жатқанын анықтап көрдік. OLX сайтында «Қайрат» - «Селтик» ойын билеттеріне қатысты хабарландыру көп. Олардың бағасы 5 мыңнан басталып 100 мыңға дейін барады. Ең қымбат билет – 200 мың. Хабарландыруда Шығыс трибунаның 42-секторындағы екі орын дәл осындай бағада сатылатыны көрсетілген. Одан бөлек 26-сектор билеті 50 мыңға, 33-сектор билеті 80 мыңға сатылып жатыр. Бағасы 20 мың болатын билеттер де бар. Кей хабарландыруда билеттердің матч күні стадион жанында қолма-қол берілетіні жазылған. Алайда біраз бөлігі WhatsApp желісі арқылы саудаланады.

Алыпсатарлыққа қарсы күрес

Билеттерге қатысты шағымнан кейін «Қайрат» футбол клубы ресми мәлімдеме жасады.

Клуб мәліметінше, ресми сайт пен Ticketon арқылы сатып алынған билет жанкүйерлердің электрондық поштасына тек матч күні жолданады. Qairat SuperApp-та QR-код ойын басталарға бірнеше сағат қалғанда автоматты түрде жаңартылады. Әлеуметтік желілерде немесе үшінші тараптан тараған скриншоттар мен суреттер жарамсыз болады.

- Клуб билеттердің алыпсатарлар арқылы қайта сатылып жатқанын тіркеуде. Мұндай билеттердің күші жойылады. Стадионға кірерде күмән туындаған жағдайда стюардтар сатып алу кезінде көрсетілген ЖСН-ды талап етіп, билет иесінің кім екенін тексере алады. Расталмаған жағдайда кіруге рұқсат берілмейді. Матч күні клуб құқық қорғау органдарымен бірлесіп бақылауды күшейтіп, алыпсатарлыққа қарсы күресті жалғастырады. Жанкүйерлерді билетті тек ресми арналар арқылы алуға шақырамыз, – деп хабарлады «Қайрат» ФК.

Сондай-ақ УЕФА-ның резервтен қайтарылған билеттердің есебінен клубқа шамамен 1000 орын қайтарылған. Олар бүгін сағат 13:00-де сатылымға шығады. Бұл жолы бір адам тек бір билет ала алады.

Еске салайық, бұған дейін Джей Лоның концертінде жалған билет сатқан күдікті ұсталғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар