Қайта өңдеуге 131 мың тоннадан астам қалдық жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM — Жүйе іске қосылғалы бері оған қатысуға 159 кәсіпорын өтінім берген
Қалдықтарды жинау және қайта өңдеу үдерістерін цифрландыру мақсатында «Жасыл даму» АҚ әзірлеген EcoQolday ақпараттық жүйесі қатысушылар санын ұлғайтып, қайта өңдеу көлемін тұрақты түрде арттырып келеді. Жүйе іске қосылғалы бері оған қатысуға 159 кәсіпорын өтінім берген. Оның ішінде 104-і қалдық жинаушылар, 32-сі қайта өңдеуші кәсіпорындар, 23-і толық циклді кәсіпорындар.
Бүгінде жүйе қатысушыларымен 96 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 64 қалдық жинаушымен, 20 қайта өңдеушімен және 12 толық циклді кәсіпорынмен келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, алдын ала мақұлдаудан өткен төрт кәсіпорын көшпелі тексеруді күтуде, тағы екі өтінім қаралу үстінде.
Жүйе 2024 жылғы тамыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде EcoQolday арқылы 131,04 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді. Оның негізгі бөлігін 92,05 мың тонна қағаз және 28,86 мың тонна шыны. Сонымен қатар, 8,74 мың тонна пайдаланылған шиналар, 1,32 мың тонна пластик қалдықтары және 0,07 мың тонна аралас материалдардан тұратын қалдықтар қайта өңделді.
Қайта өңдеу көлемі жыл сайын артып келеді. Егер 2024 жылы жүйе арқылы 11,07 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 49,34 мың тоннаға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана 70,63 мың тонна қалдық қайта өңдеуге бағытталды. Бұл жүйенің тиімділігінің артып, бизнес өкілдерінің қатысу аясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
— Бекітілген бюджеттер шеңберінде жүйе қатысушыларына 3,416 млрд теңге төленді. Оның ішінде 2024 жылы — 4,6 млн теңге, 2025 жылы — 884,4 млн теңге, ал 2026 жылы бүгінгі күнге дейін — 2,527 млрд теңге төленген. Бұл төлем тетігі қалдықтарды жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ қайталама шикізатты экономика айналымына тарту көлемін ұлғайтуға ықпал етеді, — делінген хабарламада.
EcoQolday жүйесі сала кәсіпорындарымен қатар халықтың да белсенді қатысуын қамтамасыз етуде. Есепті кезеңдегі мәлімет бойынша, жүйеде қалдық түзушілерден 1 081 өтінім тіркелген. Жалпы көлемі 3 540,52 тонна қалдық қайта өңдеуге тапсырылды.
Оның ішінде 629 өтінімді жеке тұлғалар берген. Олар негізінен шыны, қағаз және пайдаланылған шиналарды өткізіп, жалпы 2 276,42 тонна қалдықты қайта өңдеуге жіберді. Ал 452 өтінім заңды тұлғалардан түсіп, олар 1 264,1 тонна қалдық тапсырды. Оның басым бөлігін қағаз бен пайдаланылған шиналар құрайды.
«Жасыл даму» АҚ халық арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын да жүйелі түрде жалғастыруда. «Таза үй — Таза ел» пилоттық жобасы аясында Астана қаласындағы тұрғын үй кешендеріне қағаз және пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Жоба кезең-кезеңімен еліміздің өзге өңірлерінде де кеңейтілуде.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Ақтау қаласында, Ақтөбе облысында, сондай-ақ Шымкент және Талдықорған қалаларында ПИК және МИБ өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып келеді. Кездесулер барысында EcoQolday жүйесінің жұмыс қағидаттары мен тұрғындарды тарта отырып қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру мәселелері түсіндірілуде.
«Жасыл даму» АҚ алдағы уақытта да қалдықтарды басқарудың цифрлық тетіктерін жетілдіруді, EcoQolday жүйесінің географиясын кеңейтуді, қайта өңдеу көлемін арттыруды және бизнес пен халықтың айналым экономикасын қалыптастыруға белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауды жалғастырады.
Айта кетелік Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2030 жылға қарай 40%-ға жетеді.