Қайтарылған активтер есебінен ауылдарда қандай әлеуметтік жобалар жүзеге асуда

АСТАНА. KAZINFORM — Қайтарылған активтерді әділ әрі тиімді пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясат аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырыла бастады.

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен салынған медициналық мекемелер пайдалануға берілді
Фото: Үкімет

Атап айтқанда, мемлекетке қайтарылған активтерден қалыптастырылған арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Еңбекшіл және Жыланды ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар салынуда. Бұл жобалар шалғайдағы ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін арттыруға, денсаулық сақтау сапасын жақсартуға және өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған.

Сондай-ақ Көктенкөл ауданында тұрғындарды таза ауызсумен қамту мақсатында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Бұл бастама өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселе — орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

- Бас прокуратура заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекетке қайтару және оларды қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану ісіне жүйелі түрде ден қойып отыр. Қайтарылған қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуға, азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталады, - деп жазды бақылаушы органнан.

Ведомство алдағы уақытта да халық мүддесін көздейтін бастамаларды жалғастыра беретінін және бұл жұмыстар мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, СҚО-да қайтарылған активтер есебінен 30 ауылға су құбыры тартылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар