Қайтарылған активтер қаржысына Арқалық университеті толық жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Арқалық қаласында «Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің ғимаратын реконструкциялау» әлеуметтік жобасы толық аяқталды. Жобаның жалпы құны — 1,9 млрд теңге.
ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба органның заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы аясында Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен іске асырылды.
— Реконструкция нәтижесінде шамамен 2,5 мың студенттің білім алуына, университеттің профессор-оқытушылар құрамының тиімді еңбек етуіне қолайлы әрі заманауи жағдай жасалды. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, білікті мамандар даярлау ісін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, биыл Қостанай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты арқылы 6 әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған.
Олардың қатарында Арқалықтағы әуежай, аурухана, перзентхана және студенттер жатақханасы, Жітіқара қаласындағы емхана, сондай-ақ Денисов ауданының Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар.
Еске салайық, бұған дейін Балқашта мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әуежай реконструкциясы аяқталғанын хабарлаған едік.