Қайтарылған активтер: Ірі тау-кен активі аукционға шығарылады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы кезекті аукционда «Kundybai Mining» акцияларының 20% үлесі ашық саудаға шығарылатынын хабарлады.
Sauda.e-qazyna.kz электронды платформасында ашық форматта өтетін сауда-саттық 2025 жылғы 24 желтоқсанға сағат 10:00-ге жоспарланған.
Лоттың бастапқы бағасы 51 318 000 теңге деп белгіленген.
– Ашық аукцион онлайн режимде ұйымдастырылады, бұл барлық қатысушылар үшін тең қолжетімділік пен рәсімнің толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Сауда барысы мен қорытынды мәліметтер платформада жарияланады, – деп жазылған компания хабарламасында.
Аукционға қатысу үшін үміткерлер порталда тіркеліп, кепілдік жарнасын енгізіп, өтінімді белгіленген мерзімде ұсынуы қажет.
Компания активтерді сату процесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және активтерді басқару қағидаларына толық сәйкестікте жүзеге асырылатынын атап өтті.
Айта кетейік, СҚО-да қайтарылған активтер қаражатына жаңа су құбыры тартылды.