«ҚазАгро» холдингінің төрт еншілес компаниясы жеке секторға берілмек - Н. Малелов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеке секторға беруге «ҚазАгро» холдингінің алдын-ала қарастырылған төрт еншілес компаниясы қамтылып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов мәлім етті.
«Жекешелендіру жайында тоқталатын болсақ, қазіргі уақытта Үкіметпен бәсекелес ортаға беруге жататын компаниялардың тізімін бекіту пысықталып, жоспарлануда. Жеке секторға беруге алдын-ала қарастырылған Холдингтің төрт еншілес компаниясының тізіміне «ҚазАгроҚаржы», «Азық-түлік корпорациясы», «ҚазАгроӨнім» және «Қазагромаркетинг» еніп отыр. Бүгінде бұл компаниялар құрылған кезіндегі белгіленген өз міндеттерін жүзеге асыра алды», - деді Н. Малелов.
Оның сөзіне қарағанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ көпбейінді қаржы институтынан лизинг компаниясына реформаланатын болады. Ол Ұлттық қордың қаражатын пайдаланатын инвестициялық қоржыннан босатылады және бизнес-процестер құрады. Осылайша Холдинг ҚазАгроҚаржыны бәсекелес ортаға өткізеді.
«2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасынан «мемлекеттік астық ресурстары» деген түсінік алып тасталады, тиісінше, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ мемлекеттік астық ресурстарын басқару агентінің қызметін атқармайтын болады. Аталған функциядан айырылғаннан кейін, Азық-түлік корпорациясы астық нарығындағы көптеген астық трейдерлерінің бірі болып қалады және осыған сәйкес оны бәсекелес ортаға беру орынды болады», - деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, «Қазагромаркетинг» АҚ және «ҚазАгроӨнім» АҚ да бәсекелес ортаға беріледі, бұл өз кезегінде мемлекеттің ақпараттық-кеңес беру қызметіне және мал шаруашылығы өнімдерін сату нарығына қатысуын қысқартады.