«ҚазАгроҚаржы» АҚ агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға биыл 1,3 млрд. теңге бағыттамақшы - БҚО

«ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының төрағасы Төлебай Меңдіоразовтың айтуынша, компания құны 1,6 млрд. теңге 4 инвестициялық жобаның іске қосылуын қамтамасыз етпекші. Шеберлік жоспарлар бойынша 500 гектар алқаптағы мал азықтық дақылдарды суландыру жүйесі, 200 бас отандық асыл тұқымды мал алу, 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын салу, тамшылатып суару, сүт пен мал таситын көліктер, рефрижаторлар алу жобаларын іске қосу көзделуде.
Өткен жылы өңірге «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2,3 млрд. теңге инвестиция салынған болатын. Ал 2000-2014 жылдары компания филиалы арқылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 14,9 млрд. теңге жұмсалды. Жыл сайынғы инвестициялар көлемі 2012 жылдан бері бір жарым есеге өсті. Бұл ретте басты міндеттердің бірі шаруаларды ауыл шаруашылығы техникаларымен қамту болып табылады. Мәселен, филиал өткен жылы 1,9 млрд. теңгеге 417 техника мен жабдықтың сатып алынуын қаржыландырды. Сол секілді 2011-2014 жылдары «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында республикаға 40380 бас асыл тұқымды мал әкелінсе, соның 1500-ден астамы БҚО-ның үлесіне тиеді. Соның нәтижесінде 8 репродукторлық шаруашылық құрылды. Қазақтың ақбас сиырын жеткізу де қаржыландырылуда. Өткен жылы осындай 599 ірі қара әкелінді. Сондай-ақ 2009 жылдан 2015 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу бағытында 2,8 млрд. теңгеге 20-дан астам жоба жүзеге асырылды.
Айта кетейік, биылдан бастап құжат рәсімдеу мәселесі оңтайландырылды. Яғни жаңа жүйеге сәйкес ауылдық жердегі шаруашылық жетекшілері қалаға келмей-ақ, ғаламтор арқылы өз тапсырыстары мен ұсынысын жеткізе алады. Жыл басынан бері он шаруашылықпен осы бағытта нақты жұмыс жасалды.