Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие - Президент
АСТАНА. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Брифинг барысында Мемлекет басшысы: «Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады»
Президент Арменияны еліміздің маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Екіжақты қарым-қатынас берік достыққа және өзара құрметке негізделгенін атап өтті.
– Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық. Осы орайда, құрметті Никол Воваевич Пашинянның Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өткім келеді. Никол Воваевич Пашинян халықаралық қауымдастыққа күшті басшы, көреген саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде кеңінен танымал, – деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен Астана қаласына кеше келді.
Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді.