Қазақ батырлары қандай қару-жарақ қолданған
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық орталық музейінде сан алуан қару-жарақ түрі сақтаулы тұр. Kazinform тілшісі аталған мәдениет ошағына арнайы барып, құнды жәдігерлер жөнінде кең мәлімет жинап қайтқан еді.
Музей қызметкері Ілияс Оразалиннің сөзінше, ондағы көптеген қару ондаған ғасыр бойы, тіпті, Қазақ хандығы құрылғанға дейін де пайдаланылған. Олар – баға жетпес асыл мұра.
Орталыққа келген қала тұрғындары мен қонақтары бірнеше ғасыр бұрын соғылған өткір жүзді қару түрлерін көре алады. Олардың арасында еліміздің аумағында жасалғандарымен қатар, XIX-XX ғасырларда Орталық Азияның Хиуа, Бұқара т.б. қалаларында соғылғандары да кездеседі. Сонымен бірге, садақ, оқ-дәрімен атылатын атыс қаруы т.б. жәдігерлер қойылған.
Солардың ішінде білтелі мылтыққа айрықша назар аударған жөн. Өйткені, ол – Еуропада және Орталық Азияда қолданылған ең алғашқы оқ-дәрілі атыс қаруы. Шүріппені басқанда шашыраған шоқ оқ-дәріні тұтандырып, содан оқ атылған екен. Мұндай мұралар музей қарамағына XIX және XX ғасырлардың әртүрлі кезеңінде өткізілген.
Ал шоқпар XVIII ғасырда жасалған аса сирек жәдігерге жатады.
Мұндай қару-жарақ түрлерін 13 және 60 жас аралығындағы ер адамдар пайдаланған. Бұл халқымыздың тарихымен тікелей байланысты. Себебі, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, ата-бабаларымыз аттан түспей, ел қорғаған.
XX ғасырдың басында Ресей империясындағы азаматтық соғыста, Бірінші және Екінші Дүниежүзілік соғыстарда да қазақ халқының ерлері жан аямай майданға кіріп, сұрапыл шайқастарға қатысты. Сондықтан сан алуан қару-жарақтың табылып, музейге қойылуы түсінікті дүние.
– Бұл жәдігерлердің көбін музей қорына азаматтар жеке коллекциясынан тапсырған. Олар, негізінен, бабадан атаға, атадан балаға, баладан немереге беріліп отырған, бір әулеттің құнды мұрасы болған. Соған қарамастан, жұрт өз еркімен осы орталыққа өткізген. Демек, бұқара жәдігердің бағасын біліп, музейде сақталуын құп көреді, – дейді Ілияс Оразалин.
Батырлардың бес қаруы
Байырғы сарбаздар ататын, кесетін, шабатын, ұратын және түйрейтін бес қару түрін пайдаланған.
Ең кең тарағаны – шоқпар. Емен не қайың тәрізді берік ағаштан жасалатындықтан, орташа тұратындарға да, жарлы-жақыбайға да қолжетімді болған. Шеберлер кейде оның ұшына 100-200 грамм метал құйған. Сонда сұрапыл күшпен ұрғанда, жаудың сауыты мен қалқанын да қиратқан.
Сонымен қатар, Орталық Азия аумағында бос мойын деген қару қолданылған. Оны жасау үшін ағаш сапқа, ұшында ауыр металы бар шынжыр орнатылған. Бос мойынмен ұрғанда, дұшпанның не сауытын бұзған не қаруына оралып, жұлып түскен.
Найза да – кең тараған қарулардың бірі. Оны Орталық Азияда ғана емес, Таяу Шығыста, Қиыр Шығыста және Еуропада да, негізінен, атты әскер ұстаған. Өйткені, қарсыласпен бетпе-бет ұрысқа кіргенде, алдымен ұзын найзасымен түйреп өткен. Оның ұшы үш қырлы, төрт қырлы не одан да басқа болуы мүмкін. Мұның мәні – қарудың қандай мақсатта қолданылатындығында. Мәселен, үш қырлы, төрт қырлы найзалар шығыршықты сауытты тесіп өтеді.
Ал садақпен жауынгерлер 250–300 метр қашықтықтан оқ жаудырған. Ол жаудың алыстан көзін жоюға мүмкіндік береді. Сол себепті, қазақтар балаларын ерте жастан садақ атуға баулыған. Мергендік соғыста ғана емес, аңшылықта да қажет болған. Бабаларымз, тіпті, ат үстінде шауып келе жатып та, садақ атуға машықтанған.
Садақ жебелерінің сан қилы түрлері болғанын да айта кеткен жөн.
Сауытбұзардың ұшы жіңішке, үшкір келеді. Ол сауытты тесіп өтуге арналған.
Кескіш жебенің басы жалпақ болады. Ол кірш етіп қадалғанда, дұшпанға ауыр жарақат салады. Одан жараланған адам көп қан жоғалтады.
Ал әдеттегі қарапайым жебелер қарсы тарапқа ғана емес, олардың атына да атылған.
Қанжар түрлерінің өлшемі де әрқилы. Кейбірі кәдімгі қылыш тәрізді ұзын болса, енді бірі қысқа қылып жасалған, яғни қоян-қолтық ұрыста немесе қысқа арақашықтықтағы шайқаста қолданылған.
Бұл ретте, сапы мен қылыштың айырмашылығын түсіндірген абзал.
Сапының сабында қолды қорғайтын қалқа болмайды. Ол шабу және кесу үшін пайдаланылған. Ал түйреуге ыңғайы келмейді. Себебі түйреймін дегенде, алақан сабынан тайып, сырғып кетсе, иесі өзінің қолын кесіп алуы ықтимал.
Ал қылыштың сабында төрташа (крест) тәрізді қорғаныс бөлігі болады. Сол себепті, ол жауды шауып түсіруге де, кесуге де, түйреуге де жарай берген. Қылыштың жүзі имек болып келеді. Соның арқасында сарбаз қаруын көтеріп шапқанда, өзінің иығын жаралаудан сақтанған.
Айбалта – кәдімгі балтаға ұқсағанмен, шаруашылық емес, ұрыс қаруы. Оның жүзі балтадан өзгеше болады. Айбалта – қарсыласты шауып түсіретін қару.
Сарбаздың қорғаныс құралдары
Сауыт – қазақ батырының негізгі қорғаныс киімі. Ол әртүрлі металдан, сан алуан тәсілмен жасалған. Мәселен, кіреуке темір сақиналардың өріліп тоқылуы арқылы істеледі. Ол кесетін және шабатын қылыш, балта тәрізді қарулардан қорғаған. Бірақ, әдетте, бір нүктеге сұғылатын найза кіреукені тесіп өтетін болған.
Сауыттың төс тұсына шарайна орнатылған. Болаттан жасалатын ол шабатын не түйрейтін қаруларды ғана емес, тіпті кейде мылтық оғын да өткізбейтін болған.
Дулыға – сауыт-сайманның аса маңызды бөлшегі. Өйткені, басты қорғап тұрады. Сондай-ақ, ол белгінің де қызметін атқарған. Дулығаға тағылған қыл құйрыққа қарап, баһадүрлер шайқас барысында кімнің өз жақтасы, кімнің жау екенін ажыратқан.
Қалқан – ең қолжетімді қорғаныс құралдарының бірі. Себебі, кіреуке мен шарайна қымбат болған. Ал диаметрі шамамен 40–50 сантиметр болатын қалқанды кез келген шебер жасай алған. Оны берік ағаштан әзірлейді де, судан қорғау үшін теріні керіп, қаптайды. Сондай-ақ, ауыр соққы тигенде, ағаш үгітіліп кетпеу үшін металмен жиектейді. Ат үстінен түспеген көшпенділерде найза мен қалқан міндетті түрде болған.
Белдік – сәндік бұйым ғана емес
Бұрын ешбір сарбаз белбеу тақпай жүрмеген. Оның негізгі екі түрі болған.
Кемер белдік – ені үлкен белбеу. Ақсүйектікті және жоғары әлеуметтік статусты білдіреді. Оны сырт киімнің тысынан таққан, яғни бір жағынан, ілгектің де рөлін атқарады. Себебі, ұлттық киімдерге түйме тігілмеген.
Кісе белдік – жауынгердің немесе аңшының арнайы белбеуі. Онда оқ, оқ-дәрі не басқа да керекті заттар салынатын қалташалар, сөмкешелер тағылған.
Демек, кемер белдік, негізінен, сән үшін, ал кісе белдік қажеттілік үшін пайдаланылған. Әйтсе де, белбеудің қай түрінің де әсемдігі маңызды. Себебі, соған қарап, адамның тегін, шенін анықтауға мүмкіндік бар.
– Қазақ қоғамында кісінің сырт көрінісіне айрықша мән берілген. Өйткені, киіміне назар аударып, алдыңда кім тұрғанын ұғуға болады, – деп түсіндірді Ілияс Оразалин.
Айта кетейік, бұған дейін Жанқожа батырға тиесілі қылыштың көшірмесі туған жеріндегі музейге қойылғанын жазғанбыз.