Қазақ даласындағы мешіттер жүргізіп келген тіркеу құжаттары қайта зерттелмек
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ даласындағы мешіттерде жүргізіліп келген тіркеу құжаттарын кешенді түрде зерттеуді қолға алу қажет. Бұл туралы бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-ның мәжіліс залында өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Онда аталмыш медиахолдингтің басшысы Жантас Сафуллиннің мәлім еткеніндей, мешіттердегі тіркеу құжаттары (метрике) Башқұртстанның Уфа қаласындағы ұлттық архивте сақталған. Атырау қаласының тумасы, қазіргі кезде Алматыда тұратын Ескендір Төремұратов осы метрикелердің бірсыпырасын алдыртып, оларды Батыс Қазақстандағы құлпытастарды зерттеуді қолға алған және біраз тәжірибе жинақтаған «Жайық Преске» берген еді. Мешіттерде сол кезде әр сәбидің туған күнін, әке-шешесінің кім екендігін, туған жерін тіркеу кітаптарына жазып отырған. Екіншіден, некесі қиылғандар жөнінде де толық мәліметтер келтірілген. Онда кімнің куәлік еткені, некенің қашан қиылғаны өз алдына, мәһірдің, яғни қалың малдың қанша екендігі көрсетілген. Үшіншіден, талақ етілген кезде ажырасушылар жөнінде сондай деректер алуға болады. Төртіншіден, қайтыс болғандардың жасы нешеде екендігі, қандай аурудан көз жұмғандығы айтылған. Мысалы, 1865 жылы сол кездегі Бөкей ордасына қарасты аумақтағы мешіттердегі тіркеу кітаптарында жаңағы деректердің бәрі хатталған.
Тіркеу кітаптарының қай уақыттан қай кезге дейін жүргізілгендігін тарихшы-ғалымдар анықтай жатар. Бір анығы, 1905 жылы қазақ зиялылары мешіттердегі метрикені тоқтатпау жөнінде Санкт-Петерборға хат та жазған. Бұл мешіттердегі осы жұмыстарға байланысты патша үкіметінің тарапынан қысым болғандығын көрсетеді. Ең бастысы, Уфа архивіндегі тіркеу кітаптарының көшірмелерін түгел алдырып, зерттесе, тарихтың талай тың беттері ашылар еді. Әзірге қолда бар тіркеу кітаптарын күні бүгін Сайпулла Моллақанағатұлы араб қарпінен кириллицаға аудару үстінде. Оның сөзіне қарағанда, бұл құжаттар ру мен тайпаға қатысты шежірелерді анықтай түсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жер-су атаулары жөнінде де мол мағлұмат алуға болады.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің мәлім еткеніндей, отандық тарихнамада қазақ даласындағы метрикелік кітаптар толық әрі кешенді зерттеліп болған жоқ. Бұл - ақтаңдақ мәселелердің бірі. Он сегізінші ғасырда патша үкіметі қазақ даласын отарлау мақсатында өз ықпалын күшейту шараларын жүргізді. Соның бірі 1788 жылы Уфада Орынбор мүфтияты құрылды. Метрикелік кітаптар шіркеулерде де болғаны белгілі. Қазіргі кезде Уфадағы орталық архивтің 295-қорында Орынбор діни басқармасының 71 мыңнан астам құжаты жинақталған, жиырмадай тізбе бар. Соның ішінде Бөкей ордасына қатысты құжаттар өте көп (ол кезде Бөкей ордасы бес қисым, екі округқа бөлінді). Мұның бәрі арнайы экспедиция шығарып, егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді.
БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовтың пайымдауынша, метрикелік кітаптардың зерттелуі тарихи демографияны нақтылауға да септігін тигізер еді. Сондықтан бұл құжаттардың электронды нұсқасын жасау қажет.
«Жуырда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес Оралда Алаш және ұлттық баспасөз тарихы музейін ашу жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Міне, осы музей жанынан ғылыми орталық ашып, метрикелік кітаптарды да зерттеуді қолға алған жөн», деді жиын соңында Жантас Сафуллин.