Қазақ хандығында халықтың үні ханға қалай жетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазіргі заманда мемлекет басшылары қоғамның көңіл-күйін әлеуметтік желі, сауалнама немесе мемлекеттік органдар арқылы біліп отырады. Ал Қазақ хандығы дәуірінде мұндай жүйе болған жоқ. Соған қарамастан, хан ел ішіндегі ахуалдан хабардар болып, маңызды шешімдерді қоғамның ықпалды өкілдерімен ақылдаса отырып қабылдаған.
Халықтың дауысы ханға қалай жетті? Билер, жыраулар мен батырлардың рөлі қандай болды? Бұл туралы Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жарылқасын Жаппасов айтып берді.
Қазақ хандығында ел ішіндегі жағдайды біліп отыру хан билігінің маңызды міндеттерінің бірі саналды. Алайда сол кезеңде қазіргі түсініктегі мемлекеттік аппарат немесе арнайы ақпарат жинайтын мекемелер болған жоқ. Сондықтан хан қоғамда қалыптасқан дәстүрлі басқару жүйесіне сүйенді.
Тарих ғылымдарының кандидаты Жарылқасын Жаппасовтың айтуынша, ханға ақпарат ең әуелі билер, ру ақсақалдары, сұлтандар және басқа да беделді тұлғалар арқылы жетіп отырған.
— Хан қоғамда қалыптасқан басқару тетіктеріне сүйенді. Билер руаралық қатынастарды, жер дауларын, көшіп-қону мәселелерін және халықтың ұстанымын жақсы білді. Ру ақсақалдары өз қауымындағы әлеуметтік жағдайды жеткізсе, сұлтандар саяси әрі әскери ахуал туралы мәлімет берді. Осындай көпсатылы байланыс ханға елдегі жағдайды жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді, — дейді ол.
Тарихшының сөзінше, жыраулардың да мемлекеттік басқарудағы орны ерекше болған. Олар тек ақын емес, елдің мұң-мұқтажын ханға ашық жеткізетін кеңесші қызметін атқарған.
— Жыраулар тек жыршы емес, елдің көңіл-күйін, халықтың мұң-мұқтажын ханға ашық жеткізетін кеңесші дәрежесіне көтерілді. Бұқар жыраудың Абылай ханға арналған толғауларында мемлекет тұтастығы, ел қауіпсіздігі және халықтың мүддесі қатар айтылады. Бұл жыраулардың қоғамдық пікірге ықпал еткенін көрсетеді. Ал сыртқы жағдай туралы мәлімет елшілер мен саудагерлер арқылы келіп отырды. Олар көрші мемлекеттердегі саяси өзгерістерді, сауда жолдарының жай-күйін және шекаралық өңірлердегі ахуалды жеткізген, яғни халықтың пікірі арнайы мемлекеттік мекемелер арқылы емес, қоғамның беделді өкілдері арқылы ханға жетіп отырған. Бұл — көшпелі мемлекетті басқарудың табиғи ерекшелігі. Шоқан Уәлиханов та ханның беделі оның шыққан тегіне ғана емес, халықтың қолдауы мен ықпалды билердің сеніміне байланысты болғанын атап көрсетеді, — дейді Жаппасов.
Әр топтың өз міндеті болды
Маманның айтуынша, қазақ қоғамындағы билер, жыраулар, батырлар, елшілер мен саудагерлердің бәрі бірдей ханның кеңесшісі болған жоқ. Әрқайсысы өз саласы бойынша маңызды ақпарат жеткізіп отырған.
— Билер ел ішіндегі құқықтық және қоғамдық мәселелер жөніндегі негізгі кеңесшілер болды. Олар дауларды шешіп қана қоймай, ру-тайпалардың ұстанымын ханға жеткізді. Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданғанда билердің пікірі міндетті түрде ескерілді. Жыраулар қоғамдағы көңіл-күйді бейнелеп, қажет кезде ханға ашық сын айтқан. Қазақтың жыраулық дәстүрінде билеушіні мадақтау ғана емес, оның қателігін көрсету де қалыпты құбылыс болған. Бұқар жыраудың Абылай ханға, Асан Қайғының Жәнібек ханға қатысты толғаулары соның дәлелі, — дейді тарих ғылымдарының кандидаты.
Ал батырлар әскери қауіпсіздікке қатысты негізгі ақпарат көздерінің бірі болды. Олар шекарадағы жағдайды, қарсыластардың іс-қимылын жақсы білді. Сондықтан соғыс пен бейбітшілікке қатысты мәселелерде олардың пікірі маңызды саналды.
— Елшілер дипломатиялық келіссөздер жүргізіп қана қоймай, көрші мемлекеттердің саяси ұстанымы туралы мәлімет жинады. Ал саудагерлер экономикалық байланыстармен қатар жолдардың қауіпсіздігі, шекаралық өңірлердегі жағдай туралы құнды ақпарат жеткізді. Демек, хан бір ғана адамның емес, бірнеше әлеуметтік топтың пікіріне сүйеніп шешім қабылдаған, — дейді спикер.
Хандар халықпен кездескен бе
Қазақ хандары көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан, олардың қызметі бір ордамен ғана шектелмеген. Олар ру-тайпалармен бірге көшіп-қонып, ел ішіндегі жағдайды өз көзімен көруге мүмкіндік алған.
— Әсіресе, Абылай хан туралы XVIII ғасырдағы орыс мұрағат құжаттарында оның қазақ рулары арасында жиі болғаны, ықпалды билермен, батырлармен және ру басшыларымен кездескені көрсетіледі. Мұндай кездесулер бүгінгі түсініктегі ресми қабылдау емес, көшпелі қоғамның күнделікті саяси өмірінің бір бөлігі болған. Дегенмен қазіргі «халықпен кездесу» ұғымын сол дәуірге тікелей қолдануға болмайды. Хан барлық қарапайым адаммен жеке сөйлесті деу тарихи тұрғыдан дұрыс емес. Халықтың пікірі көбіне билер, ру ақсақалдары және басқа да беделді тұлғалар арқылы жеткізіліп отырды. Сондықтан қазақ ханы халықтан оқшау өмір сүрген жоқ, бірақ қоғаммен байланыс дәстүрлі қоғамдық институттар арқылы жүзеге асты, — дейді Жаппасов.
Хан шешіміне халықтың ықпалы болды ма
Тарихшының айтуынша, Қазақ хандығында хан билігі абсолютті болмаған. Маңызды шешімдердің жүзеге асуы қоғамның ықпалды топтарының қолдауына тікелей байланысты еді.
— Қазақ хандығында ханның билігі шексіз болған жоқ. Ол ықпалды сұлтандардың, билердің, батырлардың және ру басыларының қолдауына сүйенді. Сондықтан маңызды шешімдер қоғамдық қолдау таппаған жағдайда оларды жүзеге асыру қиын болатын. Бұған XVIII ғасырдағы Әбілқайыр ханның Ресей бодандығын қабылдау туралы шешімі мысал бола алады. Бұл бастама қазақ қоғамында бірыңғай қолдау таппады. Кейбір сұлтандар мен билер қолдаса, енді бір бөлігі қарсы болды. Соның салдарынан ханның саяси ықпалы әлсіреп, Кіші жүздің ішкі бірлігіне әсер етті, — дейді қауымдастырылған профессор.
Абылай хан тұсында да маңызды мәселелер беделді билер мен батырлардың қатысуымен талқыланып отырған.
— Бұл ханның барлық шешімді жеке қабылдамағанын, қоғамдағы ықпалды топтардың ұстанымымен санасқанын көрсетеді. Қазақ қоғамында қоғамдық қолдау саяси тұрақтылықтың басты шарттарының бірі болды. Сондықтан ханның беделі әскери күшпен ғана емес, ел ішіндегі сеніммен де өлшенді, — дейді спикер.
Құрылтай мен билер кеңесі қандай рөл атқарды
Тарихшы Құрылтайды тек ақсүйектердің кеңесі деп бағалау қате түсінік екенін айтады. Оның пікірінше, бұл жиындарда ру-тайпа басшылары мен билер өз қауымының көзқарасын жеткізіп отырған.
— Құрылтайды тек ақсүйектердің кеңесі ретінде қарастыру біржақты пікір болар еді. Өйткені билер мен ру-тайпа басшылары өз қауымының ұстанымын жеткізіп, мемлекет үшін маңызды мәселелерді талқылауға қатысты. Билер кеңесінің қызметі де осы қағидатқа негізделді. Онда құқықтық, саяси және әскери мәселелер қаралып, билер өз пікірін білдіріп отырды. Сондықтан хан маңызды шешімдер қабылдағанда олардың ұстанымымен санасты. Құрылтай мен билер кеңесі хан билігін алмастырған жоқ. Олар мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді талқылап, ортақ ұстаным қалыптастыруға ықпал етті. Қазақ қоғамында маңызды мәселелер кеңес арқылы қаралғанымен, соңғы шешімді хан қабылдады, — дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін қазақ қоғамында би болу үшін қандай талаптар қойылғаны туралы жазғанбыз.