Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ хандығы қазақ ұлтының рухани және материалдық мәдениетінің дамуына мүмкіндік жасады - Г.Әбдіқалықова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ хандығы кейінгі ғасырларда қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, оның этникалық аумағының қорғалуына, қазақтардың рухани және материалдық мәдениетінің дамуына мүмкіндік жасады. Бұл туралы бүгін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

Қазақ хандығы қазақ ұлтының рухани және материалдық мәдениетінің дамуына мүмкіндік жасады - Г.Әбдіқалықова

«Конференцияға мың жарымнан аса адам, соның ішінде тоғыз жүзге жуық этнологтар мен археологтар, философ және саясаттанушы ғалымдар, белгілі өнер және қоғам қайраткерлері қатысып отыр. Сондай-ақ, 43 шет елден қызығушылық танытқан 318 танымал тарихшы ғалымдар мен өзге де қонақтар келді. Иран Ислам Республикасының Ғылыми зерттеулер және технологиялар министрінің орынбасары, Түркия ғылым академиясының президенті, Әзірбайжан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенттері, Моңғолия ғылым академиясының президенті сияқты белгілі тұлғалар қатысуда», - деп атап өтті Г.Әбдіқалықова конференцияны аша отырып

«Белгілі орта ғасырлық тарихшы Мұхаммед Қайдар Дулати өзінің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде Қазақ хандығының 1465 жылы құрылғандығы туралы мәлімет берген. Сондықтан, Қазақ хандығы кейінгі ғасырларда қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, оның этникалық аумағының қорғалуына, қазақтардың рухани және материалдық мәдениетінің дамуына мүмкіндік жасады», - дейді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы: «Мәңгілік ел» жаңа жалпыұлттық идея аясында ұлы тарихи мұлаларды және Қазақстан халқының адамгершілік мұраттарын болашақ ұрпаққа жеткізуді көздейді», -дей келе, конференцияға қатысушыларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.