Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тарихи оқиғаларға етене араласқаны туралы деректер табылды
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Иранда Қазақ хандығының Орталық Азиядағы тарихи оқиғаларға етене араласқаны туралы деректер табылды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Нұрлан Атығаев мәлім етті.
Оның хабарлауынша, Иран Ислам республикасынан әкелінген тарихи қолжазбалар қазақ халқы мен қызылбас елі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынстардан сыр шертеді. «Осы уақытқа дейін бұл байланыстар тек ауыз әдебиетте ғана көрініс тапқан. Мәселен, Қобыланды батыр жырында қазақтар мен қызылбастар арасындағы соғыстар туралы баяндалады. Бертін келе, тарихшылар оның шындыққа сәйкес келмейді деп те айтты. Алайда Иран кітапханаларынан алынған бес қолжазбада Қазақ хандығы мен қызылбастар елі арасындағы өзара қарым-қатынас нақты көрсетілген. Онда Қасым ханның өзбек билеушілеріне өз әскерін беріп, қызылбастармен соғыстар жүргізгені туралы жазылған», - дейді Н. Атығаев. Ғалым атап көрсеткендей, Иранда табылған тарихи деректер XVI ғасырдың аяғына жатады. Айта кетейік, қызылбастар - түркі тілдес ұлыс. Қазақтың батырлық жырында айтылатын Қызылбастар ұлысы 12 шиит имамының құрметіне тігілген 12 қызыл бас киім киюіне байланысты аталған. Қызылбастар Иран, Сирия және тағы басқа Кіші Азия елдерінде тайпалар бірлестігін құрған. XV ғасырдың ортасына қарай осы түркі тайпаларының әскери әрі діни туыстығына айналған шииттік - Севефи әулетінен шыққан қызылбас билеушілері бүкіл парсы мемлекетін өзіне қаратып, астананы Тебризден Исфаһанға көшірген. Саны 200 мыңдай Қызылбастар жеті тайпаға бөлінген. Бұл тайпалар бір тілдің әр алуан диалектісінде сөйлейді. Діні, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері, наным-сенімі мен ұлттық танымы қашқайларға ұқсас.