Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақ-кәріс тілдерінің грамматика саласында ұқсастықтары өте көп - студент Ми-Жиюон

АЛМАТЫ. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда Қазақстан-Корей жастарының қазақ тілін оқу форумы өтіп жатыр.

Қазақ-кәріс тілдерінің грамматика саласында ұқсастықтары өте көп - студент Ми-Жиюон

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты - Қазақстан халықтары бірлігінің рухани ынтымақтастығы факторындағы мемлекеттік тілдің ролі және білім алу мен кәсіби қызметте нәтижеге жетуде мемлекеттік тілді игерудің маңызын түсіну. Сонымен қатар жастарды қызықтыратын IT технологиялар мен интернетті қолдану арқылы мемлекеттік тілді үйренуде интерактивті әдістерді қолдану.

Форум аясында «Қазақстандағы мемлекеттік тілді оқудағы қазіргі заман жағдайы», «Қазақ тілін үйрену тәжірибесіндегі: жағдайлар, қиындықтар және нәтижелер», «Тез және сапалы түрде қазақ тілін үйренудегі қолданбалы ұсыныстар» атты тақырыпта баяндамалар оқылып, талқыланды.

Сондай-ақ шара барысында қазақ тілін үйренушілерге арналған көрмелер ұйымдастырылып, оған орыс-қазақ тіліндегі сөздіктер мен әртүрлі мультимедиялық бағдарламалар қойылған.

Корей жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығы жайында Хангу университетінің Орталық Азия мемлекеттері тілдері кафедрасы, соның ішінде қазақ тілінде білім алып жүрген Ким Ми-Жиюон есімді студенттің пікірін білген едік. «Менің қазақ тілін оқып жүргеніме 3 жыл болды. Қазақ-кәріс тілдерінде грамматика саласында ұқсастықтар өте көп. Сондықтан маған қазақ тілін меңгеру қиындыққа түспеді. Келешекте оқуымды аяқтаған соң Орталық Азиядағы мұнай компанияларына жұмысқа кірсем деген ойдамын», дейді Ким Ми-Жиюон.

Студент қазақ халқының қонақжай екенін және дәстүрі жағынан кәрістерге ұқсайтындығын айтады. «Мәселен қазақ жастары да жасы үлкен адамдарды сыйлай біледі екен», дейді ол.

Аталмыш шара Қазақстандағы кәрістер қауымдастығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен және ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтіп отыр.