Қазақ қоғамында соғыс тұтқындары қалай өмір сүрген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақ тарихында құлдардың тағдыры, тұтқындарды пайдалану және оларды қоғамға бейімдеу мәселесі сирек қозғалады. Көшпелі қоғам туралы айтылғанда көбіне еркіндік пен азаттық ұғымдары алға шығады. Алайда соғыстар мен жорықтар дәуірінде қолға түскен тұтқындар, оларды еңбекке пайдалану, айырбастау немесе саудаға шығару сияқты құбылыстар да болған. Тарихшылардың айтуынша, бұл үрдістер Еуразия даласындағы өзге халықтардағыдай қазақ қоғамында да кездескенімен, оның өзіндік ерекшеліктері болған.
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Нояновтың айтуынша, Қазақстан аумағындағы құлдық туралы алғашқы деректер көне дәуірлерден бастау алады.
– Қазақстан тарихындағы құлдыққа қатысты ең көне мәліметтердің бірі скифтер дәуіріне жатады. Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың «Тарих» еңбегінде б.з.б. V ғасырда скифтердің парсылармен бірге Кіші Азияға жорық жасап, өз жерінен ұзақ уақытқа кеткені баяндалады. Арада 28 жыл өткен соң елге оралған скифтер әйелдерінің құлдарымен бірге тұрғанын, ал солардан туған ұрпақтардың өздеріне қарсы шыққанын көреді. Геродоттың жазуынша, скифтер алғашында қарумен шайқасқанымен нәтиже болмаған. Сонда олардың бірі қарсы алдында тұрғандардың құлдан туған адамдар екенін айтып, қарудың орнына қамшы қолдануды ұсынады. Қамшы билік пен қожайындықтың белгісі болғандықтан, қарсы жақтың сағы сынып, кейін қолға түскендері қатал жазаға ұшыраған, - дейді тарихшы.
Ғалымның айтуынша, кейінгі кезеңдерде де тұтқындардың еңбек күші ретінде пайдаланылғанын аңғартатын деректер кездеседі.
– Солтүстік Моңғолиядағы Ноин-Ула қорымынан табылған археологиялық олжалар ғұндардың астық өндіргенін көрсетеді. Алайда көшпелі өмір салтына байланысты егіншілік олардың негізгі кәсібі болмаған. Сондықтан бұл шаруамен қолға түскен немесе өз еркімен өткен отырықшы халықтардың өкілдері айналысқан болуы мүмкін деген ғылыми болжам бар. Қытай деректерін зерттеген Н.Я.Бичурин де тұтқынға түскен адамдардың еркіндігінен айырылатынын жазады. Ал Түркі қағанаты кезеңіне қатысты жазбаларда қолға түскендердің қара жұмысқа жегілгені айтылады, - дейді ол.
Тарихшының сөзінше, дала тұрғындары өздері де түрлі кезеңде сырт елдерге еріксіз әкетілген.
– Түркілердің, соның ішінде қыпшақтардың өзге мемлекеттерге сатылғаны туралы деректер өте көп. Моңғол шапқыншылығынан кейін Дешті Қыпшақтан әкетілген жасөспірімдер мен жастар Кіші Азиядағы базарларда сатылған, бірақ олардың жауынгерлік қабілетін жақсы білген қожайындары көбіне ауыр еңбекке емес, әскери қызметке пайдаланған. XIII ғасырдағы Үндістандағы Дели сұлтандығы гулям жасақтарының басым бөлігі Дешті Қыпшақ пен Кавказдан алынған жастардан құралды. Бұл кәсіби әскери жасақтар Үндістанды моңғол шапқыншылығынан қорғауда маңызды рөл атқарды, - дейді Ноян Еділ Ноянов.
Оның айтуынша, дәл осындай әскери топтар кейін Мысырда мәмлүктер ретінде танылды.
– Мәмлүк мемлекетінің белгілі билеушілері Кутуз бен Бейбарыстың түркі текті болғаны белгілі. Әсіресе, Бейбарыс қыпшақ даласынан шыққан тұлға ретінде тарихта қалды. Ал найман тайпасынан шыққан Кетбұғаның әскеріне қарсы шайқаста Бейбарыстың жеңіске жетуі Таяу Шығыстағы тарихи үдерістерге үлкен ықпал етті. Көп зерттеуші мұны араб-мұсылман өркениетінің маңызды орталықтарын сақтап қалуға әсер еткен оқиғалардың бірі ретінде бағалайды, - дейді тарихшы.
Ғалымның айтуынша, Қазақ хандығы дәуірінде де әскери жорықтар барысында тұтқын алу тәжірибесі болған.
– Усман Кухистанидің «Тарих-и Әбулхайыр хани» еңбегінде қазақтардың көбіне әйелдер мен балаларды тұтқынға алатыны, ал ер азаматтарды өлтірген немесе босатып жібергені жазылған. Ал Мұхаммед Шайбани ханның сарай тарихшысы Фазлаллах ибн Рузбехан «Михман-наме-и Бұхара» шығармасында шамамен 1508 жылы Ахмет сұлтанның Самарқан мен Бұхара маңына жасаған жорығынан кейін бірнеше мың адамның тұтқынға алынып, қазақ ұлыстарына көшірілгенін баяндайды, - дейді ол.
Тарихшы көшпелі қоғамдағы тұтқындардың барлығы бірдей ауыр еңбекке жегілмегенін атап өтті.
– Қолға түскендердің арасында сауатты, білімді адамдар болса, олар бала оқытуға, тәрбие ісіне тартылған. Кейбірі мал шаруашылығымен айналысса, дене күші мен қабілеті барлары әскери қызметке, сұлтандардың төлеңгіті қатарына қабылданған. Сондықтан көшпелі қоғамдағы тұтқындардың мәртебесі әртүрлі болды, - дейді ғалым.
Еділ Нояновтың айтуынша, даладағы тұтқындар саудасы туралы деректер араб және парсы авторларының еңбектерінде де кездеседі.
– IX ғасырда өмір сүрген Гардизи мен Ибн Хаукал қимақтар мен қыпшақтардың тұтқындарды сырт елдерге сатып отырғанын жазған. Бұл үрдіс кейінгі ғасырларда да жалғасты. XIV-XVI ғасырларда қолға түскен адамдар Орта Азия базарларына шығарылды. XVII ғасырдағы қазақ-жоңғар соғысы кезінде алынған тұтқындардың бір бөлігі Хиуаға, Ташкентке, Қоқанға жөнелтілгені туралы мәліметтер бар. Осындай жағдай башқұрттармен қақтығыстар кезінде қолға түскен адамдардың да басынан өткен, - дейді ол.
XVIII ғасырда бұл құбылыс шекаралық аймақтарда жалғаса түскен.
– Қазақтардың шекара маңындағы орыс шаруаларын ұстап, Орта Азия хандықтарына өткізіп отырғаны жөнінде деректер сақталған. 1721-1725 жылдары Бұхарада болған италиялық дипломат Флорио Беневени Ресей патшасы І Петрге жолдаған мәліметінде Бұхараның өзінде шамамен 250 орыс тұтқыны барын, Самарқан мен басқа қалаларды қосқанда олардың саны 2 мыңға жуықтайтынын жазады. Ал Хиуа, Арал маңы және Парсы жерлеріндегі тұтқындарды қосқанда тағы 1,5 мыңдай адам болғанын көрсетеді, - дейді тарихшы.
ҚазҰУ ассистент-профессоры сонымен бірге қазақ даласындағы құлдардың жағдайын басқа өңірлермен салыстырғанда жеңілірек болғанын айтады.
– Ресей зерттеушісі Петр Паллас XVIII ғасырда қазақтар арасында болған сапарында «еріксіз адамдар жақсы қызмет атқарса, оларға да жақсы қарағанын» жазады. Ал ғалым Иоганн Георги қазақ тұрмысын қабылдап, жергілікті халықпен туыстасып кеткен жатжұрттықтар болғанын атап өтеді. XVIII ғасырдың ортасында тұтқында болған Калуга мещанині Степан Кондратьевтің жазбаларында Кіші жүзде шамамен 500, Орта жүзде 400-ге жуық қалмақ, башқұрт, қарақалпақ және парсы тұтқыны болғаны айтылады, - дейді ол.
Тарихшының айтуынша, Ресей билігі тұтқындарды қайтару мәселесін тұрақты көтеріп отырған.
– 1779 жылы II Екатеринаның талабымен Кіші және Орта жүз аумағынан шамамен 800 адам босатылып, Ресейге қайтарылған. Осы мәліметтерге сүйенген кейбір зерттеушілер қазақ даласындағы славян тұтқындарының саны белгілі бір кезеңдерде екі мың адамға дейін жетуі мүмкін деген пікір айтады, - дейді Еділ Ноянов.
Ғалымның сөзінше, XVIII ғасырдың екінші жартысында қазақ балаларын Ресей ішкі аймақтарына әкету жағдайлары да тіркелген.
– 1771-1775 жылдары қазақ даласынан Ресейге әскери тұтқындармен бірге балалардың жеткізілгені жөнінде мәліметтер бар. Зерттеулерде мұндай жағдайлардың бір бөлігі ашаршылықпен байланыстырылып, қиын кезеңде кейбір отбасының балаларын сатуға мәжбүр болғаны айтылады, - дейді тарихшы.
Еске салайық, бұған дейін көшпенділер соғыстың алдын алу үшін қандай жоралғылар жасағаны жайлы жазған едік.