Қазақ күресінен әлем кубогі: Алғашқы жарыс күні кімдер чемпион атанды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Бүгін Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде қазақ даласының даңқты батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем кубогінің алғашқы жарыс күні аяқталды.
Ең әуелі бозкілемге 55 келі салмақ санатындағы балуандар шықты. Бұл салмақта барлық жүлдені Қазақстан құрамасының балуандары жеңіп алды. Бас жүлдеге Дияс Дәулет ие болса, екінші орынды Қуаныш Мақсұтов алды. Үздік үштікті тағы бір отандасымыз Теміржан Руслан түйіндеді.

66 келі салмақта Тәжікстаннан келген балуан Искандар Махмадхожазоданың мерейі үстем болды. Бұл салмақта күміс медаль қырғызстандық Ислам Камчыбековке бұйырса, үшінші орын қазақстандық балуан Нұрдәулет Алдаберген, грузиялық Гиги Отиашвилиге бұйырды.

Ал 82 келі салмақта бас жүлдені ел намысын қорғаған Нұрдәулет Бақтыбайұлы жеңіп алса, екінші орынға Өзбекстан балуаны Шаххром Махаматкаримов қол жеткізді. Үздік үшінші орынды отандастарымыз Дмитрий Динер мен Сұлтан-Бейбарыс Қайратұлы өзара бөлісті.

100 келі келі салмақта бірінші және екінші орындар қазақ балуандарының өздеріне бұйырды. Бұл салмақта бас жүлдені Ерасыл Амангелді жеңіп алса, күміс жүлдеге Елмар Жанболатұлы қол жеткізді. Ал үздік үшінші орынға грузиялық Зураб Чагелишвили мен Қытайдан келген қандасымыз Аманджоли Суантай ие болды.
Әлем кубогінің алғашқы күніндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
55 келі
І орын – Дияс Дәулет – Қазақстан
ІІ орын – Қуаныш Мақсұтов – Қазақстан
ІІІ орын – Теміржан Руслан – Қазақстан
66 келі
І орын – Искандар Махмадхожазода (Тәжікстан)
II орын — Ислам Камчыбеков (Қырғызстан)
III орын — Нұрдәулет Алдаберген (Қазақстан)
III орын — Гиги Отиашвили (Грузия)
82 келі
I орын — Нұрдәулет Бақтыбайұлы (Қазақстан)
II орын — Шаххром Махаматкаримов (Өзбекстан)
III орын — Дмитрий Динер (Қазақстан)
III орын — Сұлтан-Бейбарыс Қайратұлы (Қазақстан)
100 келі
I орын — Ерасыл Амангелді (Қазақстан)
II орын — Елмар Жанболатұлы (Қазақстан)
III орын — Зураб Чагелишвили (Грузия)
III орын — Аманджоли Суантай (Қытай)

Енді ертең, яғни 31 қазан күні балуандар 60, 74, 90 және +100 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі.
Айта кетейік, осыған дейін Түркістанда күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем кубогі басталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, кеше аталған спорт кешенінде қазақ күресінен Азия біріншілігі аяқталған болатын. Сарықұрлық додасында Қазақстан құрамасы 10 алтын, 4 күміс және 2 қола медальмен жалпы командалық есепте көш бастады.