Қазақ-Қырғыз шекарасында «Кеген - Қарқара» өткізу бекеті ашылады - ҚР Президенті

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Қырғызстан Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Қырғызстан тарабы бізден шекара маңы ынтымақтастығын дамытуды белсендіру турасында өтініш жасады. Біз Қазақстан-Қырғызстан шекарасында тағы бір өткізу пунктін - «Кеген - Қарқара» бекетін ашуға шешім қабылдадық»,-деді Н. Назарбаев.
Елбасының атап өтуінше, аталған шекара бекеті 2010 жылы және одан да бұрын қырғыз елінде орын алған оқиғаларға байланысты жабылған болатын. Сол кезеңдерде Қазақстанға осы бекет арқылы қару-жарақ контрабандалық жолмен тасымалданған еді.
«Сондықтан да біз оны жауып, жағдайды бақылауға алуға мәжбүр болдық. Бұл елдің қауіпсіздігі мүддесіне орай жасалған еді»,-деді Елбасы.