Қазақ-қырғыз шекарасының ашылуы Қазақстан инвесторлары үшін жақсы бизнес көкжиегін ашады - Н. Әбілшайықов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 5 миллионға жуық халқы бар Қырғыз елі Қазақстан инвесторлары үшін жақсы бизнес көкжиегін ашады. Осындай ойымен Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының экономикалық талдау бөлімінің басшысы Нариман Әбілшайықов бөлісті.
None
None

Оның айтуынша, Қырғыз Республикасы - Қазақстан үшін стратегиялық маңызы жоғары көршілес ел.

«2015 жылдың екінші жартысынан Қырғыз елі ЕАЭО-ға енуге талпыныс білдіріп жатыр. Қазіргі таңда ЕАЭО-ға 5 ел кіріп отыр. Қырғызстан - Қазақстан үшім маңызды стратегиялық көрші ел. Ең алдымен, мұның экономикалық тұрғыдан тиімді тұстары басымырақ. Әлбетте, ЕАЭО-ның құрылуы саяси мүдделерді көксемейді. Екі елдің қарым қатынасы өте жақсы дамыған. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіп салалары мен тамақ өнеркәсібі салалары өте байланысты. Ресейде 145 млн. адам тұрса, Қырғыз елінде 5 млн. адам өмір сүреді. Бұл Қазақстанға қосымша нарық және қазақстандық инвесторлар үшін өте жақсы мүмкіндік. Біздің кәсіпкерлерге Қырғыз елінде өз компанияларының филиалдарын ашып кеңеюіне мүмкіндік бар», - деді ол.

Сарапшы отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін сауда және жеңіл өнеркәсіп субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын өзгерту керек деп санайды.

«Әрине, елімізде бизнесті қолдаудың көптеген мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Индустрияландыру картасы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларында сауда және қызмет көрсету салаларына басымдық берілмеген. Ал Алматы қаласының ЖАӨ санайтын болсақ, онда табыстың басым көпшілігі қызмет көрсету мен сауда саласынан түсіп жатыр. Қырғыз-қазақ шекарасының ашылуының өзара сауданың дамуына тигізер ықпалын ескере отырып, арзан тауардың соққысынан отандық кәсіпкерлерімізді қорғауымыз керек. Оларға демеуқаржы беру, мемлекеттік кепілдендіру, грант беруді кеңейте түсу керек», - деді Н.Әбілшайықов.

Сарапшы қос ел арасындағы шекараның ашылуының қауіп тудыратын тұстарын да атап өтті. Оның айтуынша, арзан тауардың ағыны Қазақстан нарығын жаулап алуы ғажап емес.

«Жалпы бұл мәселеде қауіп бар. Бірақ, қазіргі таңда Қазақстанда, әсіресе Алматыда жеңіл өнеркәсіп жақсы дамыған. Сондықтан, отандық өнімдер де бәсекеге қабілетті деп санаймын. Сондай-ақ, көрші елден арзан жұмыс күшінің ағыны артады. Қазір ҚР елімізге Алматыға ақша табу үшін еңбек мигранттары келеді деп қорқыныш туындап отыр. Қазірдің өзінде заңсыз еңбек мигранттарының мәселесі ушығып тұр. Көші-қон полициясының жұмысын осы бағытта күшейте түсу керек деп санаймын», - деді Нариман Бақтыбайұлы.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдермен шекарасында кедендік бақылау бекеттерін алып тастау рәсімі 12 тамызға белгіленген.

Қырғыз Республикасы мен Қазақстан арасында кедендік шекараның салтанатты ашылу рәсіміне екі ел басшысы қатысады.

Еске сала кетсек, Қырғыз билігі Кедендік одаққа кіру туралы шешімді 2011 жылдың көктемінде қабылдаған болатын. 2014 жылдың желтоқсанында Мәскеуде тараптар республиканың ЕАЭО-ға қосылуы туралы келісімге, ал мамырда оның үш хаттамасына қол қойды.

Соңғы жаңалықтар