Қазақ қыздарының сұлулығы шабыттандырады - америкалық суретші
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың Техас штатынан келген Лейн - «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға арнайы келгендердің бірі. Көрме аясындағы шаралардың ерекше көзге түскен тұстарын ол қағаз бетіне сурет қылып түсіреді.
Лейннің қойын дәптеріндегі суреттердің басым бөлігінде қазақ халқының ұлттық ойындары, ұлттық киімдегі қазақ қыздары, бүркіт, ат, түйе бейнеленген.
«Мұнда өтіп жатқан шаралардан алған әсерім өте мол. Қазақ халқы қонақжай, кішіпейіл халық. Әр қазақтың жүзінен жылылық байқауға болады. Әсіресе қазақтың қыздары өте сұлу. Олардың суретін сала бергің келеді, шығармашылық адамы үшін ерекше шабыт сыйлайды. Мен тіпті шашымды нағыз қазақ қыздарына еліктеп қос бұрымды етіп өріп алдым, - дейді америкалық суретші.
Елорданың әр тұсында өтіп жатқан мәдени мерекелік шаралардың ішінде Лейнге ерекше ұнағаны - Астананың төрінде екі аптадан бері қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетінің қайнаған ортасына айналған этноауыл.
«Бұл жердегі он саусағынан бал тамған қолөнер шеберлерінің туындылары мен қазақ халқының зергерлік бұйымдары еріксіз назар аудартады. Әр халық өзінің ұлттық болмысымен ғана ерекшеленеді емес пе?! Мұндағы қолөнершілердің туындыларына қарап, халықтың эстетикалық талғамының жоғарылығын аңғаруға болады», - дейді Лейн.