Қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы - Құрманғазы оркестріне 90 жыл

Қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы - Құрманғазы оркестріне 90 жыл
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биыл халқымыздың ұлттық кәсіби музыка өнерінің қарашаңырағы, ұлт руханиятының шыңы – қазақтың аспаптық-музыка мәдениетін әлемге танытып жүрген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 90 жыл. Қазақ музыка тарихындағы тұңғыш оркестр туралы өнер ордасының директоры Медет Қуанышевпен әңгімелескен едік.

Медет Қуанышев
Фото: М. Қуанышевтің жеке мұрағатынан

– Әңгімемізді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылу тарихынан бастасақ...

– Әрбір халықтың ұлт болып қалыптасуының қайнар көзі – тағылымға толы дүниетанымынан, салт-дәстүрінен, ұлттық мәдениеті мен руханиятынан бастау алары сөзсіз. Халқымыздың руханиятының шыңы – қазақтың аспапты-музыка өнері. Қазақ халқының ұлттық аспаптарына негізделген аспапты-музыка мәдениетін әлемге танытып келе жатқан өнер ордалары аз емес. Солардың бірегейі – қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы, құрылғанына 90 жыл толып отырған оркестр.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қалыптасуы ұлты үшін туған ұлт қайраткерлерінің есімімен тығыз байланысты. Ол – қайсар рухты Темірбек Жүргенов еді. Өз ұлтының мәдениеті мен руханиятына ғұмырын сарп еткен ұлт қайраткері 1934 жылы Қазақстан Өлкелік комитетінің халық-ағарту комиссары қызметіне тағайындалады. Жауапкершілігі жоғары қызметте бола жүріп, ел ішінде әлі бір жүйеге түспеген білім, әдебиет, өнер, мәдениет бағыттары бойынша арнайы комитетке төрағалық жасап, ұлттық өнер мен мәдениетті жаңа арнаға бұрады. Темірбек Жүргенов қазақ өнерпаздары мен ақындары арасында алғаш рет I Бүкіл Қазақстандық слет өткізіп, қазақ өнерінің қайталанбас тұлғаларының басын қосты. Ұлттық музыкалық аспаптарға негізделген оркестр құру жолындағы асқан жауапкершілік қазақ музыка өнерінің қара нары, академик Ахмет Жұбановқа тапсырылған. Ғ. Медетов, Ж. Қаламбаев, Л. Мұхитов, М. Бөкейханов сынды қазақ музыка өнерінің алыптары да осы оркестрдің құрылу ісінің басы-қасында жүрді.

Әр мемлекеттің рухани болмысын әлемге танытатын мәдени ордасы болады. Қазақ елі үшін осындай белгінің бірі – Құрманғазы оркестрі. Алғашқы көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов болды...

– Оркестр туралы айтқанда ұлт мәдениетінің қарашаңырағын құруға атсалысқан тұлғалардың аттарын атап, естеліктерін де қайыра еске алып жүрген дұрыс-ау деп ойлаймын. Ұлттық оркестрді академик Ахмет Жұбановтың есімімен байланыстырмау мүмкін емес. Ұлттық оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі де, дирижері де Ахмет Жұбанов болды. Академиктің басты мақсаты – оркестрдің алғашқы қалыптасу кезеңінде бойында табиғи талантымен талайды таңқалдырған домбырашылардың музыкалық білімін жетілдіріп, академиялық дәрежеге көтеру еді. Домбырашылардың қатысуымен бабалар аманаты болған Құрманғазы Сағырбайұлының күй мұрасын оркестрге түсіріп, ғылыми бағытта шығармашылық жұмыстар атқарған.

– Қазір оркестр ұжымында қанша адам бар?

– Оркестр ұжымында музыкалық білімі жоғары 80-нен аса кәсіби музыка мамандары, еліміздің мәдениетінің өркендеу жолында еңбек етіп жүрген ҚР мәдениет қайраткерлері, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, «Құрмет» орденінің иегерлері, мәдениет саласының үздіктері, өнер-мәдениет саласы бойынша мемлекеттік стипендия иегерлері қызмет атқарады. Әр аспапты жоғары деңгейде меңгерген ұлттық оркестр артистері ұлттың рухын көтеріп, мәдениеттің беделін асқақтатып келеді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

Бүгінде ұлттық оркестрдің бас дирижерлік тізгінін «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, жалынды да жігерлі Абылай Тілепберген ұстап отыр. Абылай Тілепберген көптеген республикалық және халықаралық байқауда қазақтың қара домбырасының қоңыр үнін аса жоғары деңгейде әлемге танытып келе жатқан дарын иесі. Жас дирижердің оркестр бағдарламасына батыл енгізген тың да жаңа шығармалары көзі қарақты қалың көрерменнің ізгі ілтипаты мен зор ықыласына бөленіп келеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі - ҚР еңбек сіңірген артисі Батыржан Мықтыбаев. Сонымен қатар, ұлттық оркестрдің дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты өңдеуші Жексен Айсынның орны ерекше. Дирижердің басқаруымен орындалатын әр шығарма өзіндік қолтаңбасымен қалың көрерменді қуантып келеді. ХХ ғасырдың екінші жартысында оркестрдің даму жолына ерекше серпін берген Шамғон Қажығалиевтің ұлы Нарын Қажығалиев те ұлттық оркестрде дирижерлік қызметін жалғастырып келеді.

Репертуарға тоқталып өтсеңіз...

– Ұлттық оркестрдің репертуары негізінен халқымыздың күйшілік мұрасынан тұрады. Қазақ музыка өнерінің классиктері Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова сынды дәулескер күйшілердің күй мұралары - оркестр репертуарында өзіндік орны бар шығармалар. Әсіресе, Құрманғазы Сағырбайұлының әр туындысы ұлттық оркестрдің тұмары іспеттес. Күйшінің «Сарыарқа» күйі оркестрдің төлқұжатына айналып отыр. Оркестрдің әрбір концерттік бағдарламасын «Сарыарқа» күйімен аяқтау оркестр тарихындағы үзбей жалғасып келе жатқан дәстүрге айналды.

Сонымен қатар, қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Нұрғиса Тілендиевтің, Шамғон Қажығалиевтің, Айтқали Жайымовтың шығармалары ерекше орын алады. Оркестр репертуарында әлемдік музыка өнерінің классиктерінің де туындылары бар.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

– Мерейтой аясында қандай жобаларды жүзеге асырдыңыздар?

– Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі басқа оркестрлер арасында алғаш болып «Оркестр түні» жобасын жүзеге асырды. Осы жоба оркестрдің 90 жылдық мерейтойы аясында ерекше мәнге ие болды. Алматы театрында ұйымдастырылған «Оркестр түні» шарасы - оркестрдің мерейтойлық бағдарламасының маңызды бөлігі. Бұл кеш көрерменге ерекше әсер қалдырып, оркестрдің бай репертуары мен шығармашылық әлеуетін тағы да бір мәрте паш етті. Жобаның басты мақсаты – ұлттық музыка өнерін кеңінен насихаттап, классикалық және халықтық туындыларды жаңа қырынан ұсыну болды.

Бейнебаян түсіріпсіздер. Сол жөнінде толық айтып берсеңіз...

– Бұл жобаны «Кереге» продюсерлік орталығымен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл шығармалар ұлттық оркестрдің тарихында маңызды рөл атқарып, шығармашылық тұрғыдан үлкен өрлеу болып есептеледі. Құрманғазының әрбір күйі ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде оркестрдің бойтұмары секілді маңызды. «Адай» күйіне бейнебаян түсіруіміз де кездейсоқ емес. «Адай» күйі – тек қана орындаушы шеберлігін талап ететін күрделі туынды ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының рухын, қайсарлығын, тәуелсіздікке деген ұмтылысын бейнелейтін шығарма. Бұл күйдің ерекше қуатты, ширақ әуені тыңдарманды еріксіз шабыттандырады, ұлттық оркестр репертуарында ол үнемі маңызды орын алады. Бейнебаян арқылы осы шығармалардың терең мән-мағынасын, оның заманауи орындаудағы ерекшелігін және оркестрмен бірге жаңа қырынан ашып көрсетуді мақсат еттік.

Қай елдермен шығармашылық байланыс орнатыңыздар?

– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдермен шығармашылық байланыс орнатқан. Ресеймен бірлескен жобалар аясында Андреев оркестрімен ынтымақтастық жүзеге асырылып, концерттер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Өзбекстанда да ұлттық мәдениет пен өнерді насихаттау мақсатында бірлескен іс-шаралар өткізіліп келеді. Басқа да елдермен мәдени байланыстар орнату бағытында жұмыстар жүріп жатыр, соның ішінде Еуропа, Түркия, Қытай сынды елдерде оркестрдің өнер көрсетуі жоспарланып отыр.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі
Фото: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі

 

Соңғы жаңалықтар
telegram