Қазақ-өзбек мыңжылдар бойы қалыптасқан аса бай мұраға ие — Өзбекстан Сенатының төрағасы

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ресми сапармен жүрген Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева қазақ-өзбек достығының негізін тарқатып берді. 

Қазақ-өзбек мыңжылдар бойы қалыптасқан аса бай мұраға ие — Өзбекстан Сенатының төрағасы
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

— Қазақ-өзбек арасындағы байланыс ғасырлар бойы нығайып келеді. Құрметті Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев ел басшылығына келген кезде қарым-қатынас жаңа серпін алды. Бұл олардың тарапынан жасалған саяси ерік-жігердің белгісі. Президенттер халықты жақындастыру үшін бірлесіп күш салып келеді. Экономика — адамдардың өмірін жеңілдетіп, әл-ауқатын арттыратын қуатты драйвер екені сөзсіз. Бірақ, шабытсыз, ғылыми ізденіссіз, жаңашыл рухсыз реформаларды толық жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан біздің президенттеріміздің аталған салаларды қолдауы — өте дұрыс шешім деп санаймын, — деді Танзила Нарбаева елордада өткен қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумында.

Өзбек Сенаты спикерінің мәлімдеуінше, қазақ пен өзбек халқы тамыры ортақ, тағдыры бір, мыңжылдар бойы қалыптасқан аса бай мұраға ие. Екі ел өркениеттер тоғысында, Ұлы Жібек жолының қақ жүрегінде орналасқан.

— Мәдениет пен ғылым жалпы ынтымақтастықтың дамуы мен нығаюына тікелей байланысты екенінің тағы бір мысалы. Құрметті достар, бүгінгі форум гуманитарлық өзара іс-қимылда жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды кезең боларына сенімдімін. Бұл жерде ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері екі халықтың достығы мен өзара түсіністігіне қызмет ететін идеяларды дүниеге әкеледі. Бүкіл делегация атынан баршаңызға жемісті пікірталас, жарқын жаңалықтар мен бірлескен жобалардың көп болуын тілеймін. Бүгінгі оқиға ынтымақтастығымыздың одан да тығыз әрі жемісті болуына бастау болсын. Сондай-ақ өз тарапымнан айта кетсем, алда Өзбекстанның Тәуелсіздік күні келе жатыр, ал сіздерде Конституция күні, ата заң мерекесі жақындап қалды, баршаны айтулы мейраммен шын жүректен құттықтаймын, — дейді ол.

Бүгін Астанада қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумы өтті. Алғаш ұйымдастырылған форумға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева бастаған қазақ-өзбек ғылыми-шығармашылық зиялы өкілдері қатысты

Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге көтерілгенін баса айтқан еді

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады

Соңғы жаңалықтар