Қазақ-өзбек шекарасынан өтетін жүк көліктері үшін электрондық кезек жүйесі енгізіледі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Маусым айынан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жүк көліктері үшін электрондық кезек жүйесі енгізіле бастайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Аталған бастама Алматыда ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев пен ӨР Мемлекеттік кеден комитетінің басшысы Акмалхужа Мавлонов арасында өткен кездесуде талқыланды. Алғашқы уақытта электрондық кезек жүйесі «Қапланбек» (ҚР) - «Навои» (ӨР) кеден бекетінде іске қосылады.
Өзбекстан Кеден комитетінің мәліметінше, бұл - 2030 жылға қарай екі мемлекет арасындағы өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, тараптар «Б.Қонысбаев» - «Яллама», «Қазығұрт» - «С.Наджимов» және «Сырдария» - «Малик» бекеттеріндегі жүктемені азайту үшін бос және ірі жүк көліктерін өзге пункттер арқылы өткізу мүмкіндігін қарастырды.
Мұнымен бірге кездесуде жауапты ведомство басшылары Астанада Өзбекстанның, Ташкентте Қазақстан кеден органының өкілдігін ашуға уағдаласты.
Еске салайық, қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымы 1,4 млрд долларға жуықтады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан сауда-саттық көлемін арттыру үшін қосымша 4 сауда дәлізін ашуды жоспарлап отыр.