18:39, 03 Маусым 2013 | GMT +5
Қазақ пен латыштың тарихының да, тағдырының да ортақ тұстары бар - Елбасы
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ пен латыштың тарихының да, тағдырының да ортақ тұстары бар. Бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньшпен кездескеннен кейінгі баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Қазақстан мен Латвияны дәстүрлі достық және серіктестік қарым-қатынастар байланыстырып келе жатқандығын баса айтқан Мемлекет басшысы: «Біздің тарихымыз бен тағдырымыздың ортақ тұстары бар екендігі баршаға мәлім. Бұрын бір жүйеде болған екі ел бүгін өз жолымен орнықты дамып келеді. Қазір екіжақты саяси диалог белсенді әрі сенімді сипатқа ие болып отыр», - деді.
ҚР Президентінің пайымынша, Қазақстан мен Латвия қарым-қатынасы жүйелі дамуымен ерекшеленеді. Парламент пен Үкімет, министрліктер мен ведомстволар, іскерлік және ғылыми орта деңгейінде тығыз байланыс қалыптасқан.
«Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастың аясы уақыт өткен сайын кеңейе түсті», - деді Н.Назарбаев.