Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова - 70 жаста
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген әртіcі, жоғары категориялы диктор, «Құрмет» орденінің иегері, доцент Сауық Жақан Мәсіғұтқызы 70 жасқа толып отыр. «Қазақтың Левитаны» атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың мектебінен өтіп, шәкірті атанған Қазақ радиосының сандуғашы Сауық Жақанова он жеті жасынан еңбекке араласқан дарынды жандардың бірі.
Иә, 90 жылда тыңдаушының құлақ құрышын қандырған радиода қаншама жақсы, жайсаңдар еңбек етті. Солардың әрқайсысының ақыл-ойы, қол таңбасы, үні мен қалдырған ізі, шығармашылығы радионың «Алтын қорында» сақталған.
Жарты ғасыр диктор болып қызмет атқарған Сауық Жақанова осы уақыт аралығында ойға түйгенін, бұл мамандықтың қадір-қасиетін былайша бағалайды:
«Радио тыңдаушыға дыбыстап оқу, сөйлеу арқылы жететін ақпарат құралы болғандықтан, бірінші диктордың даусына мән беріледі.
Бұрын дикциясына, таным-түсінігіне, ырғақ екпініне, таза анық сөйлеуіне, тіл ерекшелігіне қарап дикторды таңдап алатын. Халықтың түсінігінде диктордың радиодағы алатын орны өте жоғары болды. Әнуарбек Байжанбаевтың өзі айтқандай, «енді дикторға сенбей көр» деген пікір қазақ даласын шарлап кеткен. Ол Байжанбаевтың феномендігі, хас дарындылығы. Әнағаң ешқандай декорациясыз, қимыл-әрекетсіз, ауыздан шыққан сөз арқылы тыңдаушы қиялын асқақтатып жіберетін. Бейне ретінде оқиғаны көз алдына алып келетін. Бүкіл дикторлардан соны талап ететін, олар соған тырысатын. «Диктор болу - өнерлі болу» деген сөз, ол өнердің ерекше бір түрі, табиғи нанымды сөйлей алумен қоса, білімділікті қажет ететін өнер» деп орыс ғалымы Всеволод Аксенов айтқан екен. Театр өнерінің атасы Станиславский де «Дұрыс сөйлеу дегеніміз көңіл көзімен суретті образ жасау», - деген болатын.
Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанованы сөз еткенде дүниеден өткен ардагер аға-апаларымыз Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева, Мәмбет Сержанов, Жәнел Асқарова, Мырзабек Қуатбеков, Марат Тоғатаев, Айман Ақшалова, Омархан Қалмырзаевтың есімін ерекше атау жөн. Бұл дикторлар бірінен бірі өткен өз ісінің майталмандары, мықтылар еді. Әрқайсысы туралы жеке әңгімеге лайық дарынды жандар еді, марқұмдар...
Одан беріде Жаңыл Аяпбергенова, Ұлжан Пармашқызы, Зияда Бекетова, Раиса Аманбаева, Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Серіков, Шолпан Байғабылқызы, Шолпан Ахметова, Нұрлан Өнербаев, Сайлау Нұрғазин, Сәуле Құрмантаева, Мариям Әлиасқарова, Ләззат Әбдіреева, Құрманғазы Дінасылов сынды дикторларымыздың еңбегі ұшан-теңіз еді. Ол кезде барлық хабарларды, әсіресе соңғы хабарды тек дикторлар ғана оқитын да, редакторлар мәтінін, әуенін дайындап беретін. Режиссер мен оператор хабар дайындап, әуе толқынына сапалы дүниелерді ғана жіберетін.
Күнде таңғы сағат алтыдан Қазақстан Гимнімен басталатын Қазақ радиосының әуе толқынынан осы аталған дикторлар бірінен соң бірі өз жұмыстарын бастайтын. Сондай әсерлі уақыттың бірін қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, белгілі ақын Кеңшілік Мырзабеков былайша жырға қосқан екен. Әрине, бұл жыр диктор Сауық Жақановаға арналыпты:
Соңғы хабар
Сауық диктор оқиды соңғы хабар,
Не айтар екен, япыр-ай, мен қуанар.
Мен қуанар, менімен ел қуанар,
Сауық диктор оқиды соңғы хабар.
Бір жаңалық айтады Сауық қазір,
Қуанышқа боламыз қарық қазір,
Сауық диктор, сен неткен бақыттысың,
Дауысыңды таниды халық қазір.
Дауысыңды таниды халық қазір,
Дауысыңа қуанып қалып та жүр.
Ән айтпадым деме сен, ән айтпай-ақ қой,
Атақтысың талайдан анық қазір.
Тіршіліктің жүректе мәңгі жанар,
Оты өшкенде - күтесің соңғы хабар.
Сауық диктор оқиды соңғы хабар,
Не айтар екен, япырай, мен қуанар,
Меніменен бірлесіп ел қуанар.
Осылайша тыңдаушылардың лебізін жырға қосқан Кеңшілік ағамыз Сауық Жақанованың таңғы самалдай жағымды үніне баға берген.
Сауық Жақанова 1945 жылы 11 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Еркіндік аулында дүниеге келген. Әкесі Масғұт пен анасы Зира ұл-қыздарын өнер-білімге тәрбиелеген бақытты ата-ана еді. Сауықтың анасы әуелетіп ән салып, ауылдастарының ортасында өз өнерімен ерекшеленген жан еді. Сауықтың да үлкен отырыстарда Сәкеннің әндерін, орыстың халық әндерін орындайтыны бар. Әншілікті кәсіп ете қоймағанмен, әу дейтіні бар екенін жора-жолдастары жақсы біледі.
Сауық Мәсіғұтқызы 1966-2002 жылдары Қазақ радиосында диктор болса, 1998-2000-жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері. 2000-2013 жылдары Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқытушылық етті.
Сауық Жақанова жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап «Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) жинақтарын жазды. Қазір жастардың оқулықтарына айналған құнды жинақ оқу процесінде қолданылып жүр.
Отбасында жолдасы Мәрлен екеуінің тәрбиелеген Саян мен Ерлік деген ұлдары ержетіп, жоғары білімді маман ретінде еліне адал қызмет етіп жүр.
Жетпістің асқарына шығып, еліне еңбегімен сүйкімді бола білген Қазақстанның еңбек сіңірген әртіcі, жоғары категориялы диктор, «Құрмет» орденінің иегері, доцент Сауық Жақан Мәсіғұтқызының Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған тамаша үні келер ғасырға жетер құндылығымен ерекше. Ол кісінің тәрбиелеген өнерлі шәкірттері ұстазымыз - Сауық Жақанова деп әркез мақтаныш етеді.
Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері