Қазақ спорты реформалардан кейін қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ спорты реформалардан кейін қалай өзгерді? Kazinform тілшісі 16 тамыз – Спорт күніне орай саладағы негізгі серпінді саралады.
8 миллиард теңге үнемделді
Былтыр Мемлекет басшысы дене шынықтыру, спорт және балалар спортын қолдау салаларын жетілдіруге бағытталған маңызды заңдарға қол қойды. Алдымен жаңа заң спорт саласын жүйелі жаңғыртуға жол ашқанын айту керек. Қаржыландырудың ашық моделі енгізіліп, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға басымдық берілді.
Реформалардың нәтижесінде 8 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді. Бұған кәсіби клубтарды қаржыландыруға лимит енгізу және легионерлерді қаржыландырудан бас тарту арқылы қол жеткізілген.
Үнемделген қаражаттың бір бөлігі балалар спорты мен спорт резервін қолдауға бағытталды. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі бір тәрбиеленушіге бөлінетін жылдық қаржы 233 мыңнан 415 мың теңгеге дейін артты. Жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға көтеріліп, 3 511 жаттықтырушы-оқытушы тестілеуден өте бастады.
– Бүгінде біз, спортшылар мен сала мамандары ретінде, реформалардың тек құжат жүзінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Министрліктің атқарған жұмысы – біздің салаға көптен бері жетіспей келген өзгерістер. Ол қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп отыр. Спортшыларымыздың тарихи жеңістері соның айғағы, – деді «Спортшылар кеңесі» атқарушы комитетінің төрағасы, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко.
Саладағы өзгеріс басқару жүйесін де қамтыды. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап спорт ұйымдары басшыларын ротациялаудың бірыңғай тәртібі енгізіліп, бірінші басшылар ашық конкурс арқылы тағайындала бастады. 112 тағайындаудың 86-сы, яғни 76%-ы конкурс нәтижесінде жүзеге асқан. Қаржы мен басқарудағы өзгерістер спорт инфрақұрылымын жаңартумен қатар жүріп келеді.
121 жаңа спорт нысаны
Биыл ел бойынша 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Олардың қатарында Тараздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қызылордадағы «Қызылорда Арена» және Жаңаөзендегі спорт кешені бар.
– Астана қаласында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион құрылысы аяқталуға жақын. Алматыда «Медеу» мұз айдынын қайта жаңғырту жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, – делінген министрлік мәліметінде.
Ал былтыр 147 спорт нысаны пайдалануға берілген, оның 100-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Инфрақұрылыммен бірге кадр даярлау жүйесі де жаңару үстінде. Астанада Қазақ ұлттық спорт университеті ашылып, маман даярлауға жол ашты.
– Бес жыл ішінде университет талант пен еңбекқорлық тоғысқан орталыққа айналды. Алда бұдан да маңызды жетістіктер, халықаралық деңгейдегі мойындау, ауқымды ғылыми және спорттық жеңістер күтіп тұр деп сенемін. Оқу орны озық білім мен инновациялардың орталығына, елдің болашақ чемпиондары мен көшбасшыларын дайындайтын ұстаханаға айналады, – деді университет құрылтайшысы Нұрасыл Медеу.
Қазақстан халықаралық спорт алаңында
2026 жылы Қазақстанда әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-дан астам ірі халықаралық жарыс өтеді. Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Талғар және Ақтау қалаларында түрлі спорт түрлерінен әлем кубогі кезеңдері, Азия чемпионаттары мен халықаралық турнирлер ұйымдастырылады.
Ал 2026–2027 жылдары Қазақстан жеті әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл қатарда күрес, үстел теннисі, дзюдо, бокс, таэквондо, киберспорт және жасөспірімдер арасындағы шорт-трек жарыстары бар.
– Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ел екі жыл ішінде түрлі спорт түрлерінен жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл – еліміздің спорт инфрақұрылымының және ұйымдастырушылық мүмкіндіктерінің жоғары деңгейде екенін халықаралық қауымдастықтың мойындауы ғана емес, сонымен қатар халықаралық спорт қоғамдастығы алдында үлкен жауапкершілік, – делінген министрлік ақпаратында.
Ірі жарыстардың көбеюі Қазақстанның спорттық беделін арттырып қана қоймай, туризм мен сервистік инфрақұрылымның дамуына да ықпал етеді. Ал халықаралық аренадағы мұндай белсенділік отандық спортшылардың нәтижелерімен беки түсті.
Жетістіктер тізбегі
Биыл Италияда өткен қысқы Олимпиадада Қазақстан қоржынына медальді мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салды. Ол алтын жүлдеге ие болды. Олимпиадаға елден спорттың 10 түрінен 36 спортшы қатысып, бірнеше атлет үздік ондыққа енді.
Бұған дейін Харбиндегі қысқы Азия ойындарында да қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Шорт-тректен ерлер командасы 5000 метрлік эстафетада тарихи алтын алса, фристайл-акробатикадан Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов Азия рекордын жаңартып, чемпион атанды.
Жас спортшылар да ірі додаларда көзге түсті. Анастасия Городко жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын және күміс медаль алып, кейін Универсиадада екі жарыста жеңіске жетті. Дінмұхаммед Райымқұлов фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы алтынды иеленді. Параспортшы Ербол Хамитов әлем кубогінің Хрусталь глобусын жеңіп алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ол Паралимпиада чемпионы атанғанын қоса кетейік.
Бокста да нәтиже жоғары. Өткен жылғы Ливерпульдегі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтынды қоса алғанда 10 медаль жеңіп алды. Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанса, бес қазақстандық боксшы екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Командалық спортта Алматының «Қайраты» былтырғы маусымда төрт іріктеу кезеңінен өтіп, УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алғаны, көпке қуаныш сыйлағаны есте. Бұл – қазақстандық клубтар үшін соңғы он жылдағы алғашқы осындай жетістік. Жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың лондондық «Челси» сапына ауысқанын жанкүйерлер зор ықыласпен бақылап отыр.
Жас буынның табысына грек-рим күресінен Бағдат Сабаз да үлес қосты. Ол былтыр Вьетнамда өткен U23 Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, құрлық чемпионы атанды. Сондай-ақ ересектер арасындағы Қазақстан кубогының жеңімпазы.
– Спортқа баулыған – туған ағам. Жеке бапкерім – Дәурен Кененбаев. Қазіргі кезде Қазақстандағы спорттың дамуына көңілім толады. Мен секілді жастардың топ жаруына мүмкіндік мол, – деп санайды жас спортшы.
Кәсіби спорттағы осындай нәтижелер жастарға үлгі болып, спорттың бұқаралық деңгейде кеңеюіне де әсер етеді.
Бұқаралық спорт қалай дамып келеді?
Бүгінде Қазақстанда шамамен 8,5 млн адам, яғни халықтың 44,5%-ы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұл көрсеткіш 34,6%-ға жетті. Ал 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясында тегін жаттығады.
Спортқа деген сұраныстың артуы саланың экономикасынан да байқалады. Ranking.kz мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында спорт саласындағы қызмет көлемі 79,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 11,3%-ға өскен. 2022 жылдан бері ол екі есе артқан.
Мемлекеттің межесі айқын. Ол – 2029 жылға қарай спортпен тұрақты айналысатын қазақстандықтардың үлесін 50%-ға жеткізу.
Спорттағы серпін медальмен, жетістікпен өлшенбейді. Дегенмен, жаңарған жүйе мен дамыған инфрақұрылым кәсіби спорттың нәтижесін арттырып, бұқаралық спортты күнделікті өмір салтына айналдыруға жол ашып отырғаны байқалады.