Қазақ тiлiн онлайн режімде үйрететiн мобильдi қосымша шықты
Soyle.kz мобильді қосымшасы пайдаланушыларға мемлекеттік тілді тегін, өздеріне қолайлы уақытта әрі жылдам үйренуге мүмкіндік бермек.
Мобильдік қосымшаны пайдалану нәтижесінде әрбір адам арнайы тілдік курстарға кететін алтын уақытын үнемдей алады. Soyle.kz қосымшасын телефонға немесе планшетке жүктеп алып, мемлекеттік тілді өзіңізге ыңғайлы уақытта үйренуге болады.
«Бiр жыл бұрын бiз Soyle.kz атты қазақ тiлiн онлайн режімде оқытатын тегiн портал ашқан болатынбыз. Бiздiң порталды бiр жылдың iшiнде әлемнiң әр қиырынан 250 мыңнан астам адам пайдаланған болса, бүгiнгi таңда порталымызда тiркелiп, қазақ тiлiн күнделiктi онлайн режімде үзбей оқып жатқандардың саны 15 мыңнан асып, 16 мыңға жуықтап қалды. Бүгiн бiз Soyle.kz порталының мобильдi қосымшасын және sozdik.soyle.kz тақырыптық сөздiктi таныстырамыз. Сондай-ақ «Ел болам десең, бесiгiңдi түзе» дейдi ғой қазақ халқы, сол сияқты бүлдiршiндерiмiзге арнап үлкен интернет портал ашайын деп отырмыз» - деді Мемлекеттік тілді дамыту Қорының директоры Азат Шауеев Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен шарада.
Қосымшаға Soyle.kz порталының барлық бөлімдері және де 3500-ге жуық сөз бен 700-ден астам тілдесу үлгілері толықтай дыбысталған «Тақырыптық сөздік» материалдары еніп отыр. Жинақталған 50 тақырып күнделікті өмірдің негізгі салалаларын қамтиды, бұл есте сақтауда қиындық тудыратын сөздерді кезең-кезеңмен меңгеруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта қосымшаны Android ОС смартфондарына жүктеп алуға болады. 2015 жылы iOS платформасына шығу жоспарланып отыр. Айта кетейiк, Soyle.kz Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samsung Electronics» компаниясының қолдауымен ашылған қазақ тілін онлайн режімінде тегін үйрететін тұңғыш интернет портал. Soyle.kz Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, дамыту және қолданыс аясын кеңейту бағытындағы талап-міндеттеріне сай әзірленген озық ІТ жоба. Ал Балаларға арналған «Балаларға арналған қазақ тілі» - Bala.soyle.kz порталы - мектепке дейінгі бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларына арналған дистанциялық оқытып-үйрету жүйесі.
«Ойын - тәрбие құралы, ақыл-ойды дамытады, тілді ұстартады, сөздік қорды молайтады, өмірді танып, сезімді кеңейтеді, тәрбиелейді. Сондықтан да біз баланы ойната отырып сөйлетуге, суреттерді қарап, заттарды сипаттау, жұмбақ есептерді шешу, құрастыру, тақпақтар жаттау арқылы олардың қызығушылығын арттыруға тырыстық», - дейдi қор басшысы.
Порталда балалар әліпбимен, аудио-сөздіктер арқылы жаңа сөздермен танысып, санауды үйренеді. «Ертегілер», «Сандықша», «Ойындар» атты қосымша бөлімдерде балалар қазақ тілінде мультфильмдер көріп, ән айтып, ертегі тыңдап, санамақтарды үйреніп, тағы да сан алуан қызықты сабақтарды таба алады.