Қазақ тілінде ән шығарғым келеді — Silk Way Star жобасының жеңімпазы

АСТАНА. KAZINFORM — Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауының жеңімпазы, Моңғолиядан келген Мишель Джозеф қазақ тілінде ән жазуды жоспарлап жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Моңғолия
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Бұл туралы әнші Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.

— Қазірдің өзінде қазақша ән дайындап жатырмын. Өйткені қазақ мәдениеті мен тілін өте жақсы көремін. Қазақ тілі — өте әдемі тіл, оны үйренгім келеді. Сол себепті қазақ тыңдармандарыма осы тілде ән шығаруды ұйғардым, — деді Мишель.

Мишель Джозеф
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ол сондай-ақ байқау қатысушылары мен қазылар алқасына үлкен тәжірибе сыйлағаны үшін алғысын білдірді.

— Финалда өзімді керемет сезіндім, бірақ жобаның аяқталғаны аздап көңілге қаяу түсірді. Соған қарамастан, келесі жылы да осы байқауға қатысқым келеді, — деп атап өтті ол.

Еске сала кетсек, Silk Way Star алғашқы азиялық вокалдық мегажобасының гранд-финалы 23 қараша күні Астанада өтті. Бас жүлдені Моңғолия өкілі Мишель Джозеф жеңіп алған болатын.

Соңғы жаңалықтар