Қазақ жерінде ГУЛАГ-тың қанша жазалау лагері болды
АСТАНА. KAZINFORM — Қылышынан қан тамған ГУЛАГ жүйесі — миллиондаған адамның тағдырын талқандаған азап лагерлері ғана емес, әлемде теңдесі жоқ алып түрме-қоныстар желісі. КСРО құрамындағы Қазақстан жерінде де мұндай лагерьлер аз болмады. Оның санына қатысты тарихшылар әлі бір нақты тоқтамға келген жоқ. Алайда соңғы зерттеулердегі дерек әлдеқайда нанымды. Kazinform агенттігі оқырман назарына елімізде болған жазалау лагерьлерінің құрылу және қалыптасу тарихына қатысты мақаласын ұсынады.

ГУЛАГ жүйесінің зардабын екінші жаһан соғысымен салыстыруға болады. Мәселен, онда 20 млн-нан астам адам мерт болса, жазалау лагерлерінде де 20 млн-ға жуық адам қамауда болған. Бірінде сонша адам ажал құшса, екіншісінде сонша дерлік адам тірі өлікке айналып, қарым-қабілеті, елді дамытуға қажет біліктілігі, потенциалы қолдан жойылды. Олар жаппай тегін жұмыс күшіне айналып, өмірінің негізгі бөлігін темір тордың ар жағында өткізді.
Жазалау лагерьлеріндегі жан-түршігерлік азаптаулар, қатыгездік пен қанішерлік жайлы әңгіме бөлек. Онда болған қазақ зиялылары, олардың жұбайлары мен бала-шағасы жайлы да сөз басқа. Біз бұл мақаламызда бір шетінен бір шетіне дейін жүздеген шақырымға созылған алып лагерьлер қалай қалыптасқаны және жерімізде қаншасы болғаны жайлы деректерді топтастырдық.
ГУЛАГ-тың іргетасы қалай қаланды
ГУЛАГ 1930 жылы құрылды. Алайда жазалау лагерьлері жүйесінің қалыптасуы әлдеқайда ертерек, Кеңес одағы құрылған алғашқы жылдардан-ақ басталады.
Болашақ ГУЛАГ-тың негізі 1919 жылы қабылданған Бүкілресейлік орталық атқарушы комитеттің № 235 «Мәжбүрлі еңбек лагерьлері туралы» қаулысы арқылы қаланды. Осы қаулыға сай, жаңа құрылған жүйе Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) қарамағына берілді.
Жалпы алғанда, 1918 жылдан 1960 жылға дейінгі аралықта бұндай лагерьлер үш түрлі мекеменің қарамағында болды: Бүкілресейлік төтенше комиссия (ВЧК), Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ)–Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД)–Ішкі істер министрлігі және Әділет халық комиссариаты (НКЮ).
РКФСР-дегі алғашқы концлагерьлер 1918 жылы құрылды. Дәл сол кезде концлагерьлер құру туралы бірқатар бұйрық шықты. Атап айтқанда:
— 1918 жылғы 8 тамызда Әскери істер жөніндегі халық комиссары Л. Д. Троцкийдің бұйрығы;
— 1918 жылғы 2 қыркүйекте Бүкілресейлік төтенше комиссиясының (БКТ) «Қызыл террор туралы» бұйрығы жарияланды.
РКФСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы БКТ-ның төрағасы Ф. Дзержинский қол қойған «Қызыл террор туралы» бұйрығының 2-тармағында былай делінген: «Буржуазияның ірі өкілдері, жер иелері, фабриканттар, саудагерлер, контрреволюциялық поптар, кеңес өкіметіне қарсы офицерлер кепілге алынып, олардың барлығы концентрациялық лагерьлерге қамалсын, мықты күзет орнатылып, қарулы жасақтың күшімен жұмысқа жегілсін. Егер олар бірігіп, көтеріліс жасап, күзетке шабуыл жасауға тырысса, дереу атып тастаңдар!»
Міне, осы құқықтық актілер кейін ГУЛАГ жүйесіндегі қан-қасаптың, адам төзгісіз азаптауларың «рұқсат құжатына» айналады.
Сотсыз-ақ ата берген…
Байлар мен кулактарды, дін өкілдерін үстем тап ретінде көзін құртып, пролетариат билігін орнықтыру тұңғыш көсем — В. И. Ленин бастаған коммунистердің басты ұстанымы болды. 1917 жылдың 5 қарашасындағы «Халыққа үндеуінде» «Халық ісіне зиянын тигізетіндердің барлығын революциялық сотқа беру туралы» нұсқауын жариялайды. Көсемнің жарлығын орындау үшін кешікпей РСФСР Халық комиссарлары кеңесі жанынан Бүкілресейлік төтенше комиссия құрылады. Кеңес мемлекетінің қауіпсіздігін қорғайтын арнайы мекеме саналып, 1917 жылдың 7 желтоқсан мен 1922 жылдың 6 ақпаны арасында қызмет атқарды. Ф. Э. Дзержинский, Я. Х. Петерстер басқарған бұл мекеме жұмысының негізгі бағыты — бұрынғы Ресей империясы аумағындағы тап жауларымен, олардың контрреволюциялық әрекеттерімен күресіп, жазалау болды.
Роберт Конквест көрсеткен дерек бойынша Төтенше комиссияның соттан тыс отырыстары мен ревтрибуналдардың үкім кесуі бойынша 1917-1922 жылдары 140 мың адам атылған. Осылайша жазалаушы мекеме өзінің қаталдығымен аты шығып, коммунистік идеяларды күшпен орнықтырудың таптырмас құралына айналған.
Кейін, 1922 жылдан соң Ішкі істер халық комиссариаты жанынан Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ), артынша Мемлекеттік біріккен саяси басқарма (ОГПУ) деп құрылған мекеме жазалау лагерьлер жүйесін де қамтыды.

Қазақ жерінде қанша жазалау лагері болды?
Бір қарағанда бұл сұрақтың жауабы әлдеқашан ғылыми еңбектер мен оқулықтарға еніп қойғандай көрінуі мүмкін. Бірақ мәліметтерді жинау барысында әр жердегі деректің әртүрлі болып келетінін байқадық. Карлаг, Степлаг, Алжир секілді үлкен лагерьлерге қатысты дерек бірізді болғанымен, шалғайдағы шағын не кезінде жасырын статустағы лагерьлерге қатысты мәліметте алшақтық бар. Ақыр бұл сауалға жауапты соңғы жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарынан таптық.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Зәуреш Сақтағанованың 2022 жылы жарияланған »Қазақстандағы ГУЛаг лагерлері: жұмыс жасау және құрылу тарихының кезеңдері» атты зерттеу еңбегінде былай делінеді:
— Қазақстандағы ГУЛАГ лагерьлерінің саны туралы мәселе әлі күнге дейін басы ашық күйінде қалып отыр. Әр жылдары жарық көрген еңбектерде Қазақ КСР-інде орналасқан лагерьлер саны әртүрлі жазылған. Мысалы, академик М.Қ.Қозыбаев өз еңбектерінің бірінде «Қазақстан аумағында ГУЛАГ-тың 27 лагері, сондай-ақ Республиканың НКВД-сына бағынышты Еңбекпен түзету лагерьлерінің бас басқармасына қарасты 70 лагерь болған» деген дерек келтіреді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Д. А. Шаймұхановтың еңбегінде Қазақстанда 25 еңбекпен түзету лагері болғаны айтылады. Алайда, жоғарыда аталған еңбектердің ешбірінде бұл цифрларға сілтеме берілмеген. Өкінішке қарай, бұл деректер Қазақ КСР-індегі лагерьлер туралы қандай мұрағат көздерінен алынғанын білмейміз. Сонымен қатар бұл еңбектерде Қазақстан лагерьлерінің тізімі жоқ, сондықтан біз бұл сандарды өзара және басқа еңбектердегі деректермен салыстыра алмаймыз.
Осыдан соң түрлі дереккөздерінде, мақалаларда елімізде болған лагерьлер санының әртүрлі көрсетілгені түсінікті болды. Ғалым лагерьлер санына қатысты деректердің нақтыланбауына мына жайлардың себеп болғанын атап өтеді.
— Әлі күнге дейін Қазақстандық зерттеулерде, өкінішке қарай, республика аумағында орналасқан ГУЛАГ лагерьлері туралы жүйеленген деректер, олардың карталары мен кестелері, жинақталған анықтамалық құралдар жоқ. Жарияланған ондаған монографиялардың, диссертациялық еңбектер мен ғылыми мақалалардың авторлары зерттеу нысаны ретінде көбіне жеке лагерьлердің тарихын немесе Қазақстанның бір өңіріндегі ғана лагерьлерді алған. Осы себепті біздегі лагерьлер саны (оның ішінде бір-біріне бағыныстылығы бойынша да), орналасан жері және басқа да мәселелер бойынша мәліметтерде сәйкессіздіктер мен олқылықтар бар. Бұл, сөзсіз, жаңа жүйелі, терең, көпжылдық және мұқият зерттеулерді қажет етеді.
Ресейлік ГУЛАГ анықтамалығының деректеріне сәйкес, 1930 жылдан 1956 жылға дейін Қазақстанда ОГПУ–НКВД–МВД СССР-ға қарасты 22 еңбекпен түзету лагері болған. Олардың бірі — Прорвинский лагері (Прорвлаг) өз тарихында (1932–1940 жж.) екі рет Қазақстаннан Ресейдің құқық қорғау органдарына берілген, ал Астрахан еңбекпен түзету лагері Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі эвакуация кезінде, яғни 1942–1943 жылдары ғана Қазақ КСР аумағында (Гурьев облысы, Гурьев қаласы) орналасқан. Осы секілді мәліметтерді басшылыққа ала отырып ғалым қазақ жерінде қуғын-сүргін жылдары 22 жазалау лагері болған деген қорытындыға келеді.
Лагерь атауы, орналасқан жері, қызмет еткен жылдары:
1. Ақтөбе еңбекпен түзеу лагері (ЕТЛ). Ақтөбек қаласы, 1940–1946 жж.
2. Астрахан ЕТЛ (Астраханлаг), Прорвинский ЕТЛ-дің атауы өзгеріп, қайта аталған. 1940-1950 жж. Қазақстанда эвакуация кезеңінде (1942 ж. қыркүйек — 1943 ж. наурыз) Гурьев облысы, Гурьев қаласында болған.
3. Ермаков лагерь бөлімі (Ермаковлаг), Өскемен қаласы, Аврора станциясы, Түркістан-Сібір темір жолы. 1943–1953 жж.
4. Гурьев ЕТЛ (Гурлаг), Гурьев қаласы.1943–1943 жж.
5. Жезқазған ЕТЛ (Жезқазғанлаг). ҚарЛАГ құрамындағы лагерь бөлімі. Қарағанды облысы, Жаңа Жезқазған кенті — 1940–1943 жж.
6. ЕТЛ және совхоздар мен астық қоймаларын салу (Атбасар ЕТЛ). Ақмола облысы, Атбасар қаласы — 1955–1956 жж.
7. Қарағанды облысындағы 4-ші көмір разресін салу және ЕТЛ. Қарағанды қаласы. 1943–1944 жж.
8. Қазақстан ЕТЛ (Казлаг, Казулон), Алматы қаласы, 1930–1931 жж.
9. Қарағандықұрылыс ЕТЛ (Қарағандықұрылыс ЕТЛ), Карлаг құрамына берілген. Қарағанды қаласы, 1946–1948 жж.
10. Қарағанды ЕТЛ (Карлаг), Қарағанды облысы, Долинское ауылы (қазіргі Долинка), 1931–1959 жж.
11. Кемпірсай ЕТЛ (Кемпірсайлаг), Ақтөбе облысы, Кемпірсай кенті, 1941– 1942 жж.
12. Майқайың лагерь бөлімі, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кенті, 1947–1953 жж.
13. Павлодар ЕТЛ (Павлодарлаг), Панин лагерь бөлімі базасында құрылған. Павлодар облысы, Павлодар қаласы, 1955–1956.
14. Панин лагерь бөлімі (Панинлаг), Павлодар қаласы, 1954–1955 жж.
15. Прорвин ЕТЛ (Прорвлаг), кейін Астрахан ЕТЛ деп аталған. Қазақ КСР, Прорва аралы, Гурьев қаласы, 1932–1935 жж., 1936–1939 жж. РСФСР, Астрахан қаласы — 1935–1936, 1939 ж. Жалпы 1932– 1940 жж қызмет атқарды.
16. Саран ЕТЛ және ГУЛЖДС (Теміржол құрылысына тартылған лагерьлердің бас басқармасы) құрылысы. Қарағанды ЕТЛ құрамына енгізілген. Қарағанды қаласы, 1945– 1945.
17. Степняк лагерь бөлімі, Ақмола облысы, Степняк қаласы, 1947–1953 жж.
18. 790-құрылыс және ЕТЛ. Кейін Ермаков лагерь бөлімі деп аталған. Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы. Орналасқан жері — Түркістан-Сібір темір жолының Аврора станциясы. 1951–1953 жж.
19. Дальний лагері (Ерекше лагерь № 11, Ерекшелаг № 11, Дальлаг) Песчаный лагерь бөлімі негізінде құрылған, кейін Песчаный лагерь бөліміне қайта қосылған. Павлодар облысы, Екібастұз кенті, 1952–1954 жж.
20. Луговой лагері (Ерекше лагерь № 9), Песчаный лагері құрамына берілген. Қарағанды облысы, Долинское кенті, Саран кенті, 1949–1951 жж.
21. Песчаный лагері (Ерекше лагерь № 8), Қарағанды қаласы, 1949–1955 жж.
22. Степной лагері (Ерекшелаг № 4, Степлаг), Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Жезқазған кенті, Жезқазған қаласы. 1948–1956 ж. ж.
Профессор Зәуреш Сақтағанова болашақта «құпия дерек» статусы алынған жаңа ведомстволық және арнайы мұрағаттар зерттелсе, қазақ жеріндегі лагерьлер саны бұдан да асуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл дегеніміз ғалымның әлі де ашылмаған мәліметтердің барын іштей мойындауы. Ендеше бұл зерттеу «Қазақстандағы жазалау лагерьлерінің санына» қатысты соңғы еңбек еместігін іштей түсінеміз. Сондықтан «елімізде ГУЛАГ-тың нақты 22 лагері болған» деп кесіп айтқаннан гөрі «әзірше осынша лагерь бары анықталған» деп қайырған жөн деп көрдік. Бұл тақырыпты тауыса зерттеу, әрине, тәуелсіз ел тарихшыларының келесі буынына аманат.