«Kazakhstan Infrastructure Fund» қорын бастапқы капиталдандыру 375 млн. доллардан кем болмайды - Қ.Бишімбаев (ФОТО)

«Қор сомасы 600 млн. АҚШ долларына дейінгі қаржыны құрайды. Бастапқы кезеңде қытайлық компания Қазақстанға 250 млн. доллар қаржы салуды жоспарлап отыр. Біз өз тарапымыздан 125 млн. доллар құямыз. Осы барлық қаражат Қазақстан Республикасындағы инвестициялық, инфрақұрылымдық және ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады», - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығымен құрылған. Холдингті құрудағы мақсат экономиканы дамыту және әртараптандыруға жәрдемдесу, инвестиция тарту. Холдингтің құрамына: «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ, «Қазэкспортгарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Ипотекалық несиелерді кепілдендірудің қазақстандық қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджменті» АҚ, «Бәйтерек девелопмент»АҚ, «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын қолдау орталығы» ЖШС кіреді. Холдинг осы компаниялардың мемлекеттік акциялар пакетін иеленуге және пайдалануға қауқарлы. CITIC (China International Trust and Investment Corporation) Қытайдың ірі мемлекеттік инвестициялық корпорацияларының бірегейі. Компанияның негізгі мақсаты шетелдік капиталды тарту, бизнесті жүргізудің, менеджментті қоса алғандағы алдыңғы қатарлы технологиялары мен модельдерін пайдалану болып табылады. «CITIC Group» құрамына 44 еншілес компания, соның ішінде банк, инвестициялық, сенімгерлік және сауда компаниялары енеді. Естеріңізге салайық, бүгін Н.Назарбаевтың ҚХР-на мемлекеттік сапары аясында жоғарыда көрсетілген келісіммен қатар 11 құжатқа қол қойылды, олар: ҚР мен ҚХР Мемлекеттері басшыларының жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларациясы; ҚР мен ҚХР арасындағы сотталғандарды беру туралы 2011 жылғы 22 ақпандағы шарт бойынша ратификациялық грамоталар алмасу туралы хаттама; ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы негіздемелік келісім; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «СИТИК Групп» арасындағы Қазақстан инфрақұрылымдық қорына (Kazakhstan Infrаstruсture Fund) бірлесіп қатысу туралы келісім; «Масалы тау-кен байыту комбинаты» ЖШС мен Қытай экспорт-импорт банкі арасындағы займ туралы негіздемелік келісім; «Еurasian Resources Group» корпорациясы және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы негіздемелік келісім; «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестиция жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ мен «Жібек жолы» қоры арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастық жобалары үшін арнаулы инвестициялық қор құру жөніндегі өзара түсіністік және іс-қимыл туралы меморандум; «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ және Қытай халықаралық туризм бюросы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум; ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісім; «Астана LRT» АҚ және Қытай мемлекеттік даму банкі арасындағы займ туралы келісім; «Astana LRT» ЖШС мен ҚХР компаниялар консорциумы арасындағы ЕРС-келісімшарты. Н.Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Бейсенбі күні Елбасы қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады.