ҚазАқпарат. Бейжіңдегі жеңіс шеруі (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Парадқа 40 минут қалғанда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин зайыбы Пэн Лиюаньмен бірге ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Тяньаньмэньнің бас трибунасының алдында қарсы алды.Мемлекет басшысының қызыл кілемдегі амандасу және суретке түсу сәті Тяньаньмэнь алаңының барлық экрандарынан көрсетілді.
Ол ҚХР-дың тарихында ең үлкен парад болды. Тяньаньмэнь алаңында парадтық саппен Қытай қарулы күштерінің 50-ге жуық эшелоны өтті: 12 мың әскери қызметкер, 40 түрлі 500 техника бірлігі, әуеге 20 түрлі 200-дей ұшақ көтерілді.
Парадқа жұмылдырылған техниканың 84 пайызы алғаш рет көрсетілді. Шараға 15 қытайлық және Қазақстан, Ресей, Беларусь, Куба, Мысыр, Қырғызстан, Мексика, Моңғолия, Пәкістан, Сербия, Тәжікстан, Ауғанстан, Камбоджа, Фиджи, Лаос, Вануата, Венесуэланың атынан 17 шетелдік жаяу әскери есеп қатысады. «Олардың қатысуы - фашизмге қарсы дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қатынастың нақты айғағы», - деді бұған дейін парадқа дайындық бойынша басқару тобы бастығының орынбасары Цюй Жуй.
Салтанатты парадқа ҚХР басшылығының шақыруымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей, Моңғолия, Мысыр, Чехия, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және өзге де мемлекет басшылары қатысады.
Шеруде Қазақстан Республикасының жауынгерлері сап түзеп өтті. Осы сәтте бүкіл әлем назары қазақстандық армия өкілдеріне ауды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауыл ротасының 76 әскери қызметшісі әлемдегі ең ірі Тяньанмэнь алаңында 10 қатарда сап түзеді, олардың арасында ту ұстаушылар тобы, үш әскер түрі бар. Шеруді мінбеден Жоғары Бас қолбасшы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бақылады.
Еске сала кетейік, Екінші дүениежүзілік соғыс кезінде Қытайды азат етуде жапон басқыншыларынан қаза тапқан кеңестік және моңғол жауынгерлерінің мемориалында (Бейжің қаласынан 245 шақырым жерде Чжанцякоу уезінің Чжанбэй қаласында) Қазақ КСР-інің аумағынан шақырылған 21 адам жерленген.
Ескерткіште 13 моңғол және 66 кеңес жауынгерлерінің есімдері қашап жазылған. Олардың арасында қазақстандық Әуезхан Жапаров, Төлембек Өтебаев және Асылхан Бербековтер бар. Бауырластар бейіті тұрған жердегі кескілескен шайқаста қаза болған 60 жауынгердің мүрдесі жатыр. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу бүгінгі күндерге дейін жалғасуда.
Суреттер Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарынан алынды.