«ҚазАқпарат» ХАА мен Бахрейн Корольдігі ақпараттық агенттігі әріптестік туралы меморандумға қол қойды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифаның Қазақстанға ресми сапары аясындағы бизнес-форум барысында «ҚазАқпарат» халықаралық
ақпарат агенттігі мен Бахрейн Корольдігі ақпарат агенттігі арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, екі елдің ақпараттық агенттіктері арасындағы меморандумға «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің директоры Дәурен Дияров пен Бахрейн Корольдігі ақпараттық агенттігінің директоры Мұхамед Солеймен Әл Ноями қол қойды.
Бұдан бөлек, «Қазақстан-Бахрейн: стратегиялық әріптестік» атты бизнес-форум барысында басқа да бірқатар маңызды құжаттар жасалды. Атап айтар болсақ, ҚР Вице-Премьері - Индустрия және жаңа технологиялық министрі Әсет Исекешев пен Бахрейн Корольдігі Индустрия және сауда министрі Хасан Абдуллах Фахро мырза арасында екі елдің алюминийді қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумы жасалды.
Сонымен қатар, екі елдің «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі мен Бахрейн «Мумталакат» инвестициялық компаниясы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісім жасалды.