ҚазАқпарат пен Синьхуа ынтымақтастықты нығайтпақ
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров пен «Синьхуа» қытай ақпарат агенттігінің бас директоры Цай Минчжао өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құжатқа сәйкес тараптар БАҚ, оның ішінде видео және Интернет (медиа), сондай-ақ әлеуметтік желілер салалалардағы ынтымақтастықты тереңдетпек ниетте.
Меморандум агенттіктер арасында журналистер, фото тілшілер мен басқа ақпарат саласындағы мамандармен алмасып, олардың біліктілігін арттыруды және екі агенттіктің сайттарында баннерлер мен логотиптерді орналастыру мүмкіндіктерін көздейді. Аталған құжат ҚазАқпарат пен Синьхуа арасындағы 2004 жылғы 2 қарашадағы ынтымақтастық туралы келісімді алмастырады.
Еске сала кетейік, 28 маусымда А. Омаров «Азиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын, бірыңғай тағдыр қоғамдастығы құрылысын өрістету - Азия қауіпсіздігін қамтамасыз етуде БАҚ-тың рөлі» атты дөңгелек үстел жұмысында баяндама жасаған болатын.